Halyq Uni логотип
×

Су тасқыны: Арқалыққа қарасты ауылдарда киіз үйлер тігілді (ВИДЕО)

Ауыл тұрғындары «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қорына алғыс айтты

 Дастан Жұмабекұлы 23.05.2024 | 12:28
Су тасқыны: Арқалыққа қарасты ауылдарда киіз үйлер тігілді (ВИДЕО)
Фото: «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қоры

Болат Назарбаевтың «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қоры Арқалық қаласының тасқын судан зардап шеккен Екідің мен Қызыл жұлдыз ауылдарының тұрғындарына 35 киіз үй тігіп берді.

Арқалық қаласының әкімі Әмірхан Асановтың айтуынша, қоғамдық қордың директоры Қасым Қасабеков арнайы келіп, 32 киіз үйді Екідің ауылының тұрғындарына табыс етті.

Алты қанатты ақ шаңқан киіз үйлер құрылып, жеребе арқылы иелері анықталды. Қиын жағдайда көмек көрсеткені үшін «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қорына Арқалық қаласы әкімінің орынбасары Мешітбай Жұманов жылы лебізін білдіріп, қордың директоры Қасым Қамбарұлына қала әкімінің алғыс хатын табыс етсе, ауыл ағайындары ризашылықпен иығына шапан жапты.

Бұл іске белгілі журналист, Qazaqstan ұлттық телеарнасының шеф-редакторы Нұрбек Бекбаудың да көмегі тиді. Қасым Қасабековтің айтуынша, ол Нұрбек Бекбаудың идеясын алып, киіз үйлерді қаз қатар тіккен.

Тасқын су кезінде Арқалық қаласына қарасты Екідің мен Қызыл жұлдыз елдімекендерінің панасыз қалған халқы көшірілген болатын. Сондықтан «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қорының мүшелері жағдайды көзбен көру үшін осы ауылдарға арнайы барып, жергілікті тұрғындардың жан-айқайын тыңдап, қандай мұқтаждық басым екендігін білген еді. Уақытша паналайтын киіз үй сұраған халықтың тілегі орындалды.

Су тасқынының салдарынан барлық дүние-мүлкінен, малынан айырылған халықтың жағдайы әлі күнге дейін тым күрделі екендігіне көзіміз жетті. Тұрғындардың көпшілігі паналайтын орын таппай қиналып отыр екен. Сондықтан көптің тілеуі - киіз үй болды. Біз уәде етіп, бірден тапсырыс бердік. Тапсырысымыз уақытында дайын болып, киіз үйлерді ауыл ішіне құрып, халыққа табыс еттік, сөзімізде тұрдық. Бастысы, киіз үйлердің сапасына мән бердік. Барлығы талапқа сай жасалды. Жергілікті халық риза, шексіз алғыстарын білдіріп жатыр. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», – дейді ғой. Сондықтан, қандай қиыншылық болса да, халықпен бірге болайық, – деді «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қорының директоры Қасым Қасабеков.

Еске сала кетсек, Арқалық қаласына қарасты Екідің мен Қызыл жұлдыз ауылдарындағы су тасқынынан 200-ге жуық адам тікұшақтың көмегімен қауіпсіз аймаққа, Арқалық қаласындағы эвакуациялық пункттерге көшірілген еді. Жалпы, қала аумағындағы су басқан ауылдарда 87 үй, ал тек Екідің ауылының өзінде 38 баспана тұруға жарамсыз деп танылған.

Бүгінде жаңа үйлердің құрылысы басталып, халыққа бірте-бірте өтемақы төленіп, кәсіпкерлер тарапынан да тиісті көмек көрсетіліп жатыр. Ал Арқалыққа қоныс аударған халық қала әкімдігінің мұрындық болуымен қаладан үйлер алды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама