Halyq Uni логотип
×

Қазақстан мен Сингапур арасында бірқатар маңызды құжатқа қол қойылды

Мемлекет басшысы Үкіметаралық комиссия құруды ұсынды

 Динара Амантай 23.05.2024 | 12:15
Қазақстан мен Сингапур арасында бірқатар маңызды құжатқа қол қойылды
Фото: t.me/aqorda_resmi

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сингапур Республикасына мемлекеттік сапары аясында бірқатар мемлекетаралық және ведомствоаралық құжатқа қол қойылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Мемлекет басшысы Сингапур премьер-министрі Лоуренс Вонгпен кездесіп, оның жаңа мемлекеттік қызметіне табыс тіледі.

Кездесуде білім және ғылым саласындағы қарым-қатынасты нығайту, оның ішінде жоғары оқу орындары арасындағы кооперацияны арттыру, студенттер алмасу және тағы басқа мәселелерге ерекше назар аударылды.

Тараптар Қазақстан мен Сингапурдың іскер топтары арасындағы байланыстарды кеңейту үшін күш-жігер біріктіруге уағдаласты. Мемлекет басшысы екі елдің көпжоспарлы әріптестігін нығайтуға септігін тигізетін Үкіметаралық комиссия құруды ұсынды.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Лоуренс Вонгты Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды. Содан кейін Қазақстан президенті мен Сингапур премьер-министрі сапар барысында қол қойылған құжаттарды алмасу рәсіміне қатысты. Қазақстан премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен Сингапурдың Орнықты даму және қоршаған орта министрі, Сауда байланыстарына жауапты министр Грейс Фу бір-бірімен символдық тұрғыда құжат алмасты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сингапур Республикасына мемлекеттік сапары аясында келес мемлекетаралық және ведомствоаралық құжаттарға қол қойылды:

  1. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сингапур Республикасының Үкіметі арасындағы экономикалық ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
  2. Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі мен Сингапур Республикасының Ішкі істер министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
  3. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі мен Сингапур Республикасының Әділет министрлігі арасындағы зияткерлік меншік құқықтарын қорғау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
  4. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі мен Сингапур Республикасының Әділет министрлігі арасындағы құқықтық ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
  5. Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Сингапур Республикасының Білім министрлігі арасындағы жоғары білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
  6. Қазақстан стандарттау және метрология институты мен Enterprise Singapore компаниясы арасындағы Сингапур стандарттарын тарату және аудару жөніндегі ынтымақтастық туралы келісім.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама