Halyq Uni логотип
×

Шымкенттің өнеркәсіп саласына 1 млрд 750 млн доллар көлемінде инвестиция тартылды

 Үш кезеңдік металлургиялық зауыт бес жыл ішінде салынады

 Динара Амантай 23.05.2024 | 09:47
Шымкенттің өнеркәсіп саласына 1 млрд 750 млн доллар көлемінде инвестиция тартылды
Фото: Шымкент қ. әкімдігінің баспасөз қызметі

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков пен «Fujian Hengwang Investment Co., Ltd» компаниясының басқарма төрағасы Лю Юнмин қалада металлургиялық зауыт салу туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Меморандум алдыңғы кездесудің қорытындысы бойынша қол жеткізілген келісімдер аясында жасалды. Өткен аптада мегаполис басшысы инвесторларды аумағында зауыт салу жоспарланып отырған «Темір» индустриялық аймағымен таныстырды.

Айта кету керек, жобаны іске асыру барысында компания қала экономикасына 1 миллиард 750 миллион АҚШ долларын инвестициялап, мың жаңа жұмыс орнын ашады. Үш кезеңдік металлургиялық зауыт бес жыл ішінде салынады. Жылдық өндірістік қуаты – бес миллион тонна. Кәсіпорын экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін әлемдегі ең озық технологияларды пайдаланатын болады.

Қала әкімі компания басшылығына мегаполиске қызығушылық танытып, өнеркәсіп саласын дамытуға тікелей инвестиция салғаны үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ, ол жобаны іске асыруда, оның ішінде қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуде жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті. Өз кезегінде шетелдік инвесторлар бүгінде Шымкентте инвестиция тартуға барлық жағдай жасалғанына тоқталды. Зауыт іске қосылса, басқа да бірқатар жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. 

Айта кетейік, Fujian Hengwang Investment Co., Ltd компаниясы – болат өндірісі мен халықаралық саудада үлкен тәжірибесі бар Jiangsu Coastal Steel Group Co., Ltd ірі корпорациясының бөлігі.

Естеріңізге сала кетейік, қалада қуаттылығы 500 МВт-қа дейін жететін комбинирленген циклді станса салу жобасы да іске асырылып жатыр. Құны шамамен 700 миллион АҚШ долларын құрайтын инвестициялық жоба тұрғындарды сапалы электр және жылу энергиясымен, сондай-ақ ыстық сумен қамтамасыз етуге бағытталған.

Сонымен қатар, ірі түрік компаниясы Alarko Holding жаңа форматтағы жылыжай кешенін салып жатыр. 650 миллион АҚШ долларын құрайтын инвестициялық жоба жалпы көлемі 500 гектар аумақта екі мың жаңа жұмыс орнын кезең-кезеңмен құруға, азық-түлік қауіпсіздігін және жаңа өндірістерді енгізу арқылы жылыжай бизнесін дамытуға ықпал етеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама