«Жарқын болашақ» республикалық қазақ тілі олимпиадасының жүлдегерлері марапатталды
Ел көлемінде 12 жылдан бері өткізіліп келе жатқан білім бәйгесіне биыл жалпы 5 мыңнан астам жас өрен қатысты
Бүгін елордада «Жарқын болашақ» республикалық қазақ тілі шығармашылық байқауының жеңімпаздардын марапаттау рәсімі өтті.
Ел көлемінде 12 жылдан бері өткізіліп келе жатқан білім бәйгесіне биыл жалпы 5 мыңнан астам жас өрен қатысты. Олардың 3 мыңға жуығы – этнос өкілдері. Олимпиадаға қатысқандардың ішінен 200 оқушы финалға жолдама алып, Астанада өткен республикалық кезеңде бақ сынады.
«Жарқын болашақ» білім бәйгесі де мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, ұлтымыздың мәдени, әдеби және рухани қазыналарын кеңінен насихаттау, оқушылардың шығармашылық, ізденушілік қабілеттерін, мәдени дүниетанымын дамытуды мақсат етеді. Жобаны Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен, «Білім-инновация» ХҚҚ және «Дарын» РҒПО ұйымдастырып отыр. Білім бәйгесінің бас демеушісі – «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қоры.
«Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қоры рухани, зияткер және бәсекеге қабілетті ұлтты дамыту үшін әлеуметтік маңызы бар бастамаларды, оның ішінде мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған іс-шараларға қолдау білдіріп келеді. Тіл – қай ұлттың да тарихы мен танымының түп тамыры. Бүгінгі «Жарқын болашақ» байқауы – осындай ұлтының терең тарихы мен бай тілінен сусындаған, білімді, ойы озық, талабы таудай жастардың жарысы», - деді «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов.
Олимпиадаға қазақ тілді (ұлты қазақ) жəне қазақ тілді емес (өзге ұлт өкілдері) 7–11-сынып оқушылары қатысты. Ол бес бағыт бойынша өткізіледі. Атап айтқанда, «Бейнелеушілер», «Білгірлер бəйгесі», «Жас қаламгер», «Сөз шеберлері», «Əнші-бұлбұлдар». Олимпиадада ең жоғары нəтиже көрсеткен 30-дан астам бітіруші түлекке еліміздің үздік жоғары оқу орындарына білім гранттары берілді.
Сондай-ақ, марапаттау рәсімі барысында биыл алғаш рет Б.Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Тіл жанашыры» сыйлығы тапсырылды. Аталған сыйлық қазақ тілінің дамуына зор үлес қосып жүрген белгілі қоғам белсенділері - Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлына, Mazmundama жобасының негізін қалаушы Шыңғыс Мұқанға, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Максим Рожинге, журналист, тіл маманы Мөлдір Доспаеваға, және Сулейман Демирел атындағы университеттің проректоры Андрей Богданчиковке тапсырылды.