Турнирде ел намысын Oskemen командасы қорғады
Қазақстан құрамасы хоккейден 11-15 мамыр аралығында Татарстан Республикасының Қазан қаласында «Ресей – Ислам әлемі: Kazan Forum» атты халықаралық экономикалық форумының аясында өткен халықаралық турнирде күміс жүлдеге ие болды.
Бұл жарысқа ел құрамасының сапында Шығыс Қазақстан облысының полицейлері де сайысқа түсті.
Polisia.kz-тің хабарлауынша, Қазақстанның намысын Oskemen командасы қорғады. Оның құрамына Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің қызметкерлері Серік Шидеринов пен Георгий Обухов кірді.
А тобында Татарстан, Қырғызстан, Қазақстан,Түркия, Моңғолия мен Ливанның аралас командалары ойнады. В тобында Иран, Бахрейн, Әзербайжан, Моңғолия мен Пәкістанның аралас құрамалары өнер көрсетті.
Турнирде Oskemen командасынан жасақталған Қазақстан құрамасы Қырғызстан мен Түркияны жеңіп, А тобындағы жартылай финалда матчтан кейінгі соққылар сериясында 2:3 есебімен алаң иелері – Татарстан құрамасынан жеңіліп қалды.