Бокстан әйелдер құрамасы лицензиялық турнирге дайын отыр
Қазір Қазақстан командасында Олимпиадаға бір ғана жолдама бар
Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасы 24 мамыр мен 2 маусым аралығында Таиландтың Бангкок қаласында өтетін Олимпиадаға лицензиялық турнирге оқу-жаттығуды аяқтап, дайын отыр.
Спортшылар Алматы облысындағы Олимпиялық базада тыңғылықты дайындалып, оқу-жаттығу жиынында болды. Жаттығулар екі кезеңге бөлініп, жасалды.
Құрамасының бас жаттықтырушысы Елдос Сайдалин әйелдер командасының жаттығуын жақсы бағалады. Енді Таиландта жалауы көтерілетін бокс турниріне 5 спортшы қатысады. Бұған дейін хабарланғандай, жарыста Назым Қызайбай (50 кг), Ұлжан Сәрсенбек (54 кг), Римма Волосенко (60 кг), Наталья Богданова (66 кг) мен Валентина Хальзова (75 кг) Олимпиадаға лицензия алуға тырысады.
Қазір Қазақстан құрамасында бір ғана лицензия бар. Оны Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен Азия ойындарында 57 келі салмақта күш сынасқан Карина Ибрагимова жеңіп алған. Одан кейін жолдама Италиядағы іріктеу сынында үлестірілген болатын.