Halyq Uni логотип
×

Северодонецкінің орталық бөлігінде кескілескен шайқас болып жатыр

Ресейліктер 2 маусым күннің таңертеңіне дейін Украина жерінде өзінің 30 850 әскериінен айырылған

 Дастан Жұмабекұлы 03.06.2022 | 17:09
Северодонецкінің орталық бөлігінде кескілескен шайқас болып жатыр
фото: telegraf.by

Дәл қазір, астананың уақытымен сағат 17.00-де Украинаның Луганск облысындағы Северодонецк қаласының орталық бөлігінде Ресей әскері мен украин жауынгерлері қырғын шайқасып жатыр. Бұл туралы УНИАН хабарлады.

РФ әскері қаланың Метелкино және Белогоровски аудандарына әуеден шабуыл жасауға тырысуда. Бірақ, бүгін түске дейін шығынға ұшырағаннан кейін бұрынғы позициясына шегінуге мәжбүр болды.

Украина Қорғаныс күштерінің Бас штабы Ресей басқыншыларының Северодонецк, Боровское, Устиновка және Лисичанск елді мекендеріндегі азаматтық нысандарды атқылауларын жалғастырып жатқандарын мәлімдеді.

«Ресейліктердің штурмдық авиациясы Мирная Долинаға жақын маңдарға әуеден соққы берді. Метелкино мен Белогоровски аудандарына әуеден шабуыл жасауға әрекет етіп көрді. Бірақ, шығынға ұшырағасын бұрынғы позициясына шегінді. Қазір Северодонецкінің орталық бөлігінде ұрыс қимылдары болып жатыр», – делінген Бас штабтың хабарламасында.

Бүгін Украина Қарулы күштерінің Бас штабы Ресей армиясының Донбасс төңірегінің өзінде өте көп шығынға ұшырағанын мәлімдеді. Мысалы, Ресейдің 8-жалпы армиясы 150-мотоатқыштар дивизиясының жекелеген бөлімшелері Попасная бағытында жекіліс тапқан. Оның жеке құрамы мен техникаларының кем дегенде 50 пайызы жойылып кеткен.

Бас штабтың мәліметі бойынша, ресейліктер 2 маусым күннің таңертеңіне дейін Украина жерінде өзінің 30 850 әскериінен айырылған.

Қазір осы жағдайға қарап, әскери сарапшылар Ресей әскерінің Донецк облысын толық басып ала алатын қауқарына күмән келтіре бастады. Мұны Украина Бас штабы растап отыр. 

 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама