Павлодарда мектепті қырық шақты оқушы «Алтын белгімен» бітіреді
54 мың адам қазақ тілінен алғаш рет емтихан тапсырады
Павлодар қаласында биылғы оқу жылын 38 оқушы «Алтын белгімен» бітіреді. Ал 80 оқушы үздік аттестатқа үміткер болып отыр, деп хабарлады Pavlodarnews.kz.
Қалалық білім беру бөлімінің мәліметіне қарағанда, жалпы білім беретін мектептерде 1-11-сынып аралығындағы 50 066 оқушы соңғы қоңырауға қатысады. Оның ішінде 1 658-і – 11-сыныптың, 4 341-і – 9-сыныптың түлектері.
11-сынып түлектерінің арасында «Алтын белгі» аттестатына – 38, үздік аттестатқа 80 үміткер бар. Ал, 24 және 25 мамырда өтетін мерекелік шараларға қоғамдық ұйымдарының өкілдері, ұстаздық еңбек ардагерлері, Құрметті азаматтар, мектеп түлектері, БАҚ өкілдері қатысады деп жоспарлануда, – деп хабарлады білім беру бөлімі.
Алдағы уақытта 9 – 11-сынып түлектері мемлекеттік емтихан тапсыруы тиіс. 16 мамыр мен 5 шілде аралығында 1658 түлек ҰБТ тапсыруды бастады.
Биыл Павлодар облысында оқу жылын 116 мың оқушы бітіргелі отыр.
27-31 мамыр аралығында 5-8 және 10-сыныптардың 54 мың оқушысы қазақ тілінен алғаш рет емтихан тапсырады.