Еліміздегі ең басты үш музейге ұлттық мәртебе беріледі
Мемлекет басшысы мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттау рәсіміне қатысты.
Президент, ең алдымен, шараға жиналғандарды Мәдениет және өнер қызметкерлері күнімен құттықтады.
Мәдениет пен өнер – ел өміріндегі өте маңызды сала. Өнер – ұлттың жаны, ал мәдениет – рухани келбеті. Бұл қос құндылықты өркениетіміздің өзегі деуге болады. Оны сақтап, байыта түсу – ортақ парыз. Әбіш Кекілбайұлы «Мәдениет тарихы – түптеп келгенде адамзат тарихы» деген. Қазақтың бітім-болмысын оның төл өнерінен көруге болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы мәдениет пен өнерді дамыту мемлекетіміз үшін негізгі басымдықтың бірі саналатынын жеткізді. Сонымен қатар ұлт руханиятын жаңғырту ісіне қатысты нақты шаралар қолға алынып жатқанын атап өтті.
Былтыр Мәдени саясаттың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасын қабылдадық. Бүгінде мемлекет осы маңызды саланың инфрақұрылымын жан-жақты дамытуға баса мән береді. Тек соңғы үш жылда ел аумағында 700-ден астам ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 168 жаңа нысан салынды. Мәдениет және өнер мекемелерін жабдықтау деңгейі біртіндеп жақсарып келеді. Соңғы отыз жылда алғаш рет бейінді оқу орындары мен мемлекеттік концерт ұйымдарына музыкалық аспаптар сатып алуға бюджеттен қаржы бөлінді, – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының ғимараты жақында толықтай қайта жаңғыртылатынын айтты. Бұл жұмыс аталған өнер орталығының 100 жылдық мерейтойына орай, яғни 2026 жылы аяқталады.
Былтыр менің Жарлығыммен еліміздегі іргелі мәдениет ордаларына «ұлттық» және «академиялық» мәртебе берілді. Бұл шешім өнер ұжымдарының шығармашылық өрісін кеңейтіп, олардың кәсіби тұрғыда шыңдала түсуіне жол ашатыны сөзсіз. Осы бағыттағы жұмыс биыл да жалғасады, – деді президент.
Мемлекет басшысы еліміздегі ең басты үш музейге ұлттық мәртебе берілетінін жеткізді.
Қазіргі заман талабына сай музей қоғам санасын жаңғыртуға зор ықпал ететін озық институтқа айналуы керек. Сол арқылы жас ұрпақ төл тарихымыз бен салт-дәстүрімізді терең танып, одан тағылым алуы қажет. Жалпы, елімізде тарихи-мәдени мұраны сақтау және молайту мақсатында ауқымды әрі үздіксіз жұмыс жүргізіліп келеді. Ұзақ жылдан бері алғаш рет жақында материалдық емес мәдени мұраның Ұлттық тізбесі айтарлықтай кеңейді. ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне біздің «салбурын» және «беташар» сияқты ұлттық дәстүрлерімізді енгізу мәселесі пысықталып жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы мәдениет пен өнер адамдары тарихи үрдістің алдыңғы шебінде жүріп, сол арқылы ұлтымыздың қарқынды дамуына ықпал ететінін атап өтті.
Сіздер өз шығармашылықтарыңыз арқылы халқымыздың бірегей болмысының жаңа қырын ашасыздар. Азаматтардың жасампаз қуатын оятасыздар. Сондықтан мемлекет шығармашылық өкілдерінің беделін арттыру үшін тиісті шараларды қабылдайды. Мәдениет және архив ісі қызметкерлерінің жалақысы айтарлықтай көбейді. Менің тапсырмаммен «Халық әртісі» және «Халық жазушысы» атағы қайта беріле бастады, – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев халқымыз дарынды ұл-қыздарын қашанда қадірлей білгеніне назар аударып, Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетіне Күләш Байсейітованың есімін беру туралы шешім қабылдағанын жеткізді.
Бұл – әйгілі әншіге көрсетілген зор құрмет әрі ерекше өнерімен тарихта қалған тұлғаларға ел ықыласының айрықша белгісі. Түптеп келгенде, мұны тарихи әділдікті қалпына келтіру деп түсінген жөн. Аға буынның өнердегі жолын қазіргі жастарымыз да лайықты жалғастырып келеді. Осы сабақтастықты сақтау өте маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент бүгінде көптеген жас өнерпаздар ерекше дарынымен бүкіл әлемді таңғалдырып жатқанын атап өтті. Бұл орайда Мемлекет басшысы Димаштың бірегей өнеріне тәнті болған түрлі елдің азаматтары Қазақстанның Әнұранын шырқап, көк туын желбіретіп жүргенін айтты.
Өнер – тәрбие құралы. Мен Ұлттық құрылтайдың отырысында ұлт болашағына қауіп төндіретін бес кесел туралы айттым. Қоғамды осы кеселдерден тазартуға мәдениет қайраткерлері зор үлес қосып келеді. Лудомания мен нашақорлықтың зиянын ашып көрсететін тың туындылар шығып жатыр. Бұл – өте дұрыс бастама, – деді президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, мәдениет саласының өкілдері халықтың рухани қалқаны болуға тиіс. Сондай-ақ президент олардың жас ұрпақты жасампаздыққа, жаңашылдыққа үйретуге, бірлікті нығайтуға, өнімді еңбек етуге баулуға белсене атсалысатынына сенім білдірді.
Сіздер мәдениет пен өнер жолына адал болып, қажырлы еңбек етіп келесіздер. Оған бүкіл ел куә. Өнер адамы үшін ең құнды марапат – халықтың ыстық ықыласы. Мен төл мәдениетімізді дамытуға мол үлес қосып жүрген бір топ азаматты марапаттау туралы шешім қабылдадым. Мәдениет саласында ерекше орны бар 7 іргелі ұжым биыл мерейлі белеске жетіп отыр. Сондықтан бүгін негізінен осы мекемелердің қызметкерлеріне жоғары мемлекеттік марапат тапсыруды жөн көрдім, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар жиында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің дирижері Жексен Айсын, А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыкалық мектеп-интернатының аға оқытушысы Мұрат Бисенғалиев сөз сөйледі.
Жиында президент мына азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттады:
«Парасат» орденімен
Тікішев Темір – А. Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатының оқытушысы.
«Құрмет» орденімен
Асқаров Азамат Асқарұлы – Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының әртісі;
Ахатов Асылбек Құсымұлы – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің әртісі;
Әбілдина Ғайнижамал Байкәрімқызы – Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры;
Джулмухамедова Айжан Абылайханқызы – А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатының оқытушысы;
Карменова Тоғжан Жанатқызы – А.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесі директорының орынбасары;
Қалдыбаева Гүлжан Ақмәдиқызы – Ә.Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік өнер музейінің суретші-реставраторы;
Құлыш Қапаш Қабыкенқызы – Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры;
Медеубаева Светлана Магнитқызы – А.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінің бөлім басшысы;
Молдашева Гүлзира Бәкірқызы – Ә.Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік өнер музейінің бас қор сақтаушысы;
Мұртазина Қарлығаш Төкенқызы – «Айгүл» ВАА вокалисі;
Насирова Гульбахар Касимовна – Қ.Қожамияров атындағы республикалық мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театрының бөлім меңгерушісі;
Тоқжанов Төлепберген Торахметұлы – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры.
«Ерен еңбегі үшін» медалімен
Ақпасова Бәтеш Рахметжанқызы – Қазақстан Республикасының ұлттық музейінің қызмет басшысы;
Бисенғалиев Мұрат Құмарғалиұлы – А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатының аға оқытушысы;
Жабаева Әлия Шүйіншәліқызы – Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры режиссердің көмекшісі;
Омирбекова Марина Сергеевна – Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры аккомпаниатор-концертмейстері.
«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің дирижері Айсын Жексен Қуанұлына;
А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатының оқытушысы Ақмолдаев Саян Досмахамбетұлына;
Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының бас хормейстері Темірбекова Әлия Жанәбілқызына берілді.