СҚО-да оқушыларды тасымалдау кезінде қауіпсіздік шаралары сақталмаған
Кінәлілер заңда белгіленген жауапкершілікке тартылды
Солтүстік Қазақстан облысының прокурорлары балаларды тасымалдау кезінде қауіпсіздік талаптарын бұзу деректерін анықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Айыртау мен Уәлиханов аудандарында мектеп автобустарының жүргізушілері Жолаушыларды автомобиль көлігімен тасымалдау ережесінің 107,108-тармақтарын бұза отырып, 372 баланы жолға шығу алдындағы медициналық тексерусіз тасымалдаған.
Мағжан Жұмабаев пен Аққайың аудандарының білім беру ұйымдарында ереже талаптарына қайшы, көліктерге техникалық қызмет көрсету туралы келісімдер жасалмаған. Сондай-ақ автобус жүргізушілері алкогольдік және есірткілік заттарды пайдалану фактісі бойынша медициналық тексеруден өтпеген.
Аққайың ауданында 4 білім беру мекемесі ереже талаптарын бұза отырып, балаларды алғашқы көмек қобдишасыз және жедел жәрдем белгісінсіз тасымалдаған.
Қадағалау органының актілері бойынша кінәлі лауазымды адамдар заңда белгіленген жауапкершілікке тартылып, бұзушылықтар жойылды. Жүргізілген жұмыс қорытындылары бойынша 1632 баланың құқығы қорғалды, – делінген прокуратура хабарламасында.
Кәмелетке толмаған балалардың құқығын қорғау мәселесі облыс прокуратурасының бақылауында.