Премьер-министрдің тапсырмасы: шенеуніктер өңірлерді аралап жүр
Кейбір өңірлерде шегірткенің таралу қаупі жоғары
Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасы бойынша егіс науқанында вице-премьер Серік Жұманғарин, ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров және вице-министрлер өңірлерді аралап жүр, деп хабарлады ауыл шаруашылығы министрлігі.
Биыл 15 мамырда Олжас Бектенов Ақмола облысына жұмыс сапарымен барды. Ол көктемгі дала жұмысының барысын тексерді.
18 мамырда ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Қарағанды облысына барды. Ведомство басшысы шаруалармен кездесіп, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жеңілдетілген несиені тікелей ала алатынын түсіндірді.
Сондай-ақ ведомство басшысы Қостанай облысында болып, шаруалармен бірқатар кездесу өткізеді деп жоспарланып отыр.
Министр облыстағы егіс науқанының барысымен және өңірдегі фитосанитариялық ахуалмен танысу үшін бірқатар ауданға барады. Мұнда шегірткенің таралу қаупі жоғары.
19 мамырда Серік Жұманғарин Түркістан облысына барды. Үкімет басшысының орынбасары шегірткенің таралу қаупі бар жерлерде болып, егістіктердің жай-күйін бағамдады.
Сонымен қатар премьер-министрдің орынбасары мен ауыл шаруашылығы министрі егіс науқаны аяқталғанға дейін барлық өңірді аралайды.