×

Шымкентте 24 жастағы келіншек үшемді дүниеге әкелді

Оларға Мырзахмет, Нұрмаханбет және Дінмұхаммед есімдері берілді

 Дастан Жұмабекұлы 20.05.2024 | 16:30
Фото: instagram.com/gorzdravshymkent/

Шымкент қаласының 24 жастағы тұрғыны Айгүл Бақытжанқызы үшемді дүниеге әкелді.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, сәбилердің үшеуі де ұлдар. Оларға Мырзахмет, Нұрмаханбет және Дінмұхаммед есімдері берілді. 

Қала тұрғыны мерзімінен бұрын, яғни жүктіліктің 31-аптасында қалалық перзентханада босанды. Сәбилердің бірінің салмағы 1580 грамм болса, екіншісі − 1640 гр, үшіншісінің салмағы – 1610 грамм.

Дәрігерлер сәбилерді алдымен жансақтау бөлімінде тұрақты бақылауда ұстап, тиісті ем-шараларды жасаған. Содан кейін палатаға шығарған. Едәуір салмақ жинап, жағдайлары жақсарған үшем мен олардың анасын бүгін Шымкенттегі перзентхана қызметкерлері салтанатты рәсіммен үйлеріне шығарып салды, – делінген хабарламада.

Айта кетейік, жыл басынан бері қалада 10913 сәби дүниеге келген. Оның 5579-ы ұл болса, 5334-і қыз. Егіздердің саны 107-ге жетіп, төрт үшем өмірге келген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама