Бүгінде Түркістан облысында «Бәйдібек ата» су қоймасының құрылысы жүріп жатыр
Сәуір-мамыр айларында Шардара су қоймасына құйылатын су көлемі екі есе артты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қазақстан үшін мемлекетаралық деңгейде бекітілген лимиттер мен трансшекаралық су нысандары жұмысының болжамды режимі Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарының егіншілерін маусымда егіндік сумен ысырапсыз қамтамасыз етуге бағытталған.
Өзбекстан тарапымен қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес, Шардара су қоймасының толу көрсеткіші биыл 300 млн текше метрге ұлғайтылды және 4,8 текше шақырым деңгейінде қалды, мамырдағы орташа су ағыны – секундына 350 текше метр.
Шардара су қоймасына сәуір-мамыр айларында барлығы 1,4 текше шақырым су құйылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 есе артық. «Достық» каналының қазақстандық бөлігіне су беру лимиті 922 млн текше метр көлемінде белгіленген.
Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстан биылғы шілде-тамыз айларына арналған «Бахри Точик» су қоймасының жұмыс режимі кестесіне қол қоюды пысықтап жатыр. Бұл аталған екі нысанда кепілді су беруді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қырғызстан Республикасының (Киров, Орто-Токой) су қоймаларының гидрологиялық болжамдары мен қазіргі толу көрсеткішін ескере отырып, Қазақстан үшін Талас өзені арқылы 380 млн текше метр көлемінде су беру бекітілді. Бұл өткен жылғы деңгейден 44 млн текше метр артық.
Биыл Шу өзенінен біздің елімізге 180 млн текше метр көлемде су алу көзделген. Бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 26 млн текше метр артық.
Қазақстандағы суармалы жердің жалпы ауданы биыл 1,5 млн гектар болды. Оның негізгі бөлігі алдағы жазда ыстық әрі құрғақ ауа райы болжанып отырған оңтүстік өңірлерге тиесілі. Суару жұмыстары басталып кетті. Сумен жабдықтаудың бекітілген көлемі вегетациялық кезеңнің сапалы өтуін қамтамасыз етеді деп күтіліп отыр.
Су тасқыны жағдайына байланысты еліміздің солтүстік, орталық, батыс және ішінара шығыс аймақтарында су қоймалары орта есеппен 70%-дан 90%-ғадейін толтырылды. Қазақстанда барлығы 405 су қоймасы бар. Олардың толық сыйымдылығының жиынтығы – 14 997,9 млн текше метр. Су қоймаларындағы бұл көлем ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпте пайдаланылады.
Республиканың суға қажеттіліктерін ескере отырып, Қызылорда, Жамбыл, Түркістан, Батыс Қазақстан және Ақмола облыстарында жаңа су қоймаларын салу жоспарланған. Бүгінде Түркістан облысында «Бәйдібек ата» су қоймасының құрылысы жүріп жатыр.
Су қоймаларын салу бойынша екі жоба мемлекеттік сараптаманың қарауында. Тағы бес нысан бойынша жобалау-сметалық құжаттама дайындалып, жақын арада сараптамаға жіберілетін болады.