Биыл «Жарқын болашақ» байқауы 12 рет өтеді

Динара Амантай

Финалда 200-ден астам үздіктер бақ сынайды

«Жарқын болашақ» республикалық байқауының 2023 жылғы жеңімпаздары, фото: gov.kz

Қазақ тілінен өтетін «Жарқын болашақ» республикалық шығармашылық байқауы ел көлемінде өткізіліп келе жатқанына биыл 12 жыл толды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

«Білім-инновация» ХҚҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, алғаш жалауын көтергеннен бастап білім бəйгесі сан мыңдаған талапты жастың шамшырағын жаққан. Олимпиаданы өткізудегі басты ұстаным – мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, қазақ халқының мəдени, əдеби жəне рухани қазыналарын кеңінен насихаттау, оқушылардың шығармашылық, ізденушілік қабілеттерін, мəдени дүниетанымын дамыту.

Биік мақсат, зор үмітті арқалаған жас өрендер еліміздің жəне алпауыт мемлекеттердегі маңдайалды жоғары оқу орындарына оқуға түсіп, ел абыройын асқақтатып жүр. Осы орайда «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл дəрежесіндегі деңгейі көтеріліп келеді. Қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тіліне айналатын уақыт келді. Бұл үшін барлығымыз жұмыла əрекет етуіміз қажет», – деген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауындағы сөзі аталған шараның ауқымын кеңейтіп, жастарымызды қанаттандырды, – делінген хабарламада.

Қиялы ұшқыр, қаламы жүйрік білімді һəм белсенді шəкірттердің басын біріктірген айтулы Олимпиаданың финалдық кезеңі 22 мамыр 2024 жылы сағат 16:00-де Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкалық драма театрында концерттік бағдарламаның сүйемелдеуімен өтеді. Елдің əр аймағында өткен білім бəйгесінен 2 мыңға жуық оқушыдан қара үзіп шыққан 200-ден астам үздіктер финалда бақ сынайды.

Республикалық маңызы бар əрбір облыс пен қалада өткен білім бəйгесіне 5 мыңнан астам жас өрендер қатысты. Оның 3 мыңға жуығы – этнос өкілдері. Жоба Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен, «Білім-инновация» ХҚҚ жəне «Дарын» РҒПО мұрындық болуымен өткізіліп отыр. Олимпиаданы ұйымдастыру жəне өткізу тəртібі Олимпиадаға қазақ тілді (ұлты қазақ) жəне қазақ тілді емес (өзге ұлт өкілдері) 7–11-сынып оқушылары қатыса алады.

Олимпиада бес бағыт бойынша өткізіледі:

  1. «Бейнелеушілер» (қазақ əдебиетіндегі шығармаларды комикс жанрында салу);
  2. «Білгірлер бəйгесі» (халық ауыз əдебиеті үлгілері бойынша сайыс);
  3. «Жас қаламгер» (жазбаша шығармашылық жұмыс);
  4. «Сөз шеберлері» (шешендік өнер, көпшілік алдында белгілі бір тақырыпта сөз сөйлеу);
  5. «Əнші-бұлбұлдар» (əн айту). Олимпиадада ең жоғары нəтиже көрсеткен 11-сыныптың оқушыларына еліміздің үздік ЖОО-лары білім гранттарын ұсынады.

Қазір «Жарқын болашақ» жеңімпаздарының ЖОО білім гранттарымен оқыған жастардың ішінде танымал журналистер, филолог мамандар шықты.