Түркістанда дәрігерлер 7 жасар баланың бауырынан бір уыс құрт алып шықты
Оқушыда 15-16 сантиметрге жеткен 9 эхинакокты киста болған
Түркістан қаласында облыстық клиникалық балалар ауруханасының дәрігерлері 7 жасар баланың бауыр тұсынан бір уыс құртты алып шықты.
Бала ауруханаға Сарыағаш аудандық орталық ауруханасынан жедел түрде жеткізіліп, операцияға жатты. Түркістан облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне қарағанда, 10 мамырда дәрігерлер науқас оқушыны рентгенге түсіріп, компьютерлік томографиялық, ультрадыбыстық зерттеуден өткізіп, толық тексеру жасаған. Ақ халаттылар операция алдында екі күн науқасты дайындап, бақылап отырған.
13 мамырда аурухананың білікті хирургы, бас дәрігердің орынбасары Сұлтанғали Маутайұлы бастаған дәрігерлер командасы 7 жасар балаға күрделі отаны сәтті жасады. Операция кезінде бауыр тұсынан 15-16 сантиметрге жеткен 9 эхинакокты киста алып шықты, – деп хабарлады Денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасаған otyrar.kz.
Бала 18 мамырда ауруханадан шығарылды. Қазір оның жағдайы жақсы.
Мамандардың айтуынша, бұл ауру ит, мысық және төрт түлік малдан жұғуы мүмкін. Сонымен қатар дұрыс пісірілмеген ауру малдың еті де адам денсаулығына қауіп төндіреді.