Қазақстан теннисшілері ITF Juniors J300 турнирінің жеңімпазы атанды
Соня Жиенбаева жасөспірімдер арасында әлемдік рейтингіде 22-орынға көтеріледі
Теннисші Соня Жиенбаева мен Асылжан Арыстанбекова жұптық сында Италияның Санта-Кроче қаласында өткен ITF Juniors J300 турнирінде жеңімпаз атанды.
Спортшы қыздар финалда италиялық Базилетти мен Мадуззиді 6:1, 6:4 есебімен жеңді.
Бұл – Соня Жиенбаева мен Асылжан Арыстанбекованың бірге жеңіп алған екінші титулы. Ақпанда қазақстандық дуэт Египеттің Каир қаласында өткен бірінші санаттағы жарыста үздік шыққан еді.
Жекелей сында Соня Жиенбаева финалға дейін жетіп, украиналық Елизавета Котлярдан 3:6, 2:6 есебімен жеңілді.
Соня Жиенбаева ITF Juniors J300 турнирінің жеңіп алған соң, жасөспірімдер арасында әлемдік рейтингіде 22-орынға көтеріледі.
Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 51-ракеткасы Анна Данилина Италияның Парма қаласында аяқталған челленджер турнирінің жеңімпазы атанды.
Жарыстың 1-ракеткасы болып тіркелген отандасымыз ресейлік Ирина Хромачёвамен бірге финалда бразилиялық Ингрид Гамарра Мартинс пен франциялық Эликсан Лечемиямен ойнады.
Қазақстандық-ресейлік жұп қарсыластарын 6:1, 6:2 есебімен ойсырата жеңді.