Банктер жеңілдетілген автонесие бойынша өтінім қабылдауды тоқтатты
Eurasian Bank пен Halyq Bank өкілдері бұл ақпаратты растады
Қазақстандағы банктер жеңілдетілген автонесие бағдарламасына өтінім қабылдауды тоқтата бастады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Биыл 16 мамырда аталған бағдарлама іске қосылды. Нәтижесінде 1600-ден аса көлік жеңілдетілген бағамен беріліп, 9 мыңға жуық өтініш мақұлданды.
Елде жеңілдетілген автонесие бойынша өтінімдерді ЦентрКредит банк, Еуразиялық банк, Halyk Bank және ForteBank қабылдайды. Алайда бүгін әлеуметтік желіде олардың өтінім қабылдауды тоқтатқаны туралы ақпарат тарады. Halyq Uni тілшісі бұл мәліметтің анық-қанығын анықтау үшін банктерге хабарласты. Eurasian Bank пен Halyq Bank бұл ақпаратты растады.
Қаржыландырудың бірінші траншы аяқталды. Бағдарламаға қатысуға өтінімдерді қабылдау тоқтатылды, - деді Eurasian Bank баспасөз қызметінің өкілі.
«СарыарқаАвтоПром» ЖШС (Chevrolet, Kia, JAC, Lada көліктері) лимитті толық игеруіне байланысты Halyk Bank жеңілдетілген автокредит бойынша өтінім қабылдауды уақытша тоқтатты. Алайда Hyundai Trans Kazakhstan ЖШС (Hyundai автомобильдер желісі) автоөндірушісі бойынша өтінімдерді қабылдап жатырмыз. Өнеркәсіпті дамыту қорынан қаражаттың екінші траншы қашан түсетіні әлі белгісіз», - деп жазылған Halyq Bank таратқан хабарламада.
ForteBank-тің баспасөз қызметі өтінім қабылдауды тоқтатпағанын хабарлады, ал Центркредит банкі тиісті ақпаратты берген жоқ.
Сонымен қатар Өнеркәсіпті дамыту қоры бұл жағдайға қатысты түсінік берді. Қордың мәліметінше, бағдарлама іске қосылғаннан бері банктерге 71 млрд теңге бөлініп, 9 575 өтінім мақұлданған:
- Eurasian Bank АҚ – 2 068 өтінім, 15,6 миллард теңге;
- «Центркредит банкі» АҚ – 3 462 өтінім, 25,9 миллард теңге;
- Halyk bank АҚ – 2 630 өтінім, 19,4 миллиард теңге;
- Forte Bank АҚ – 1 415 өтінім, 9,9 миллиард теңге.
Осылайша, Eurasian Bank АҚ өтінімдерді мақұлдап, бірінші траншты толық игерді. 20 млрд теңге сомасына екінші траншты алу процедурасы жүріп жатыр. Halyk bank АҚ автонесие алуға азаматтардың өтінімдерін нақты мақұлдауды ескере отырып, 7,5 млрд теңге сомасына лимитті ұлғайту мәселесін қарастыруда. Бүгінде бөлінген лимиттер шеңберінде «Банк ЦентрКредит» АҚ пен Forte Bank АҚ автонесие алу үшін өтінімдерді қабылдап жатыр. Келесі аптада қор лимиттің қалған сомасын Eurasian Bank АҚ мен Halyk bank АҚ-ға беруді жоспарлап отыр, олар осы лимиттер шеңберінде өтінімдерді қабылдауды қайта бастайды, - деп жазылған қор таратқан хабарламада.
Айта кетейік, жеңілдетілген автонесие бағдарламасына Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жетекшілік етеді. Оны іске асыру үшін "Жасыл Даму" АҚ 100 миллиард теңгені Өнеркәсіпті дамыту қорына бөлген.
Бағдарламаға өтінімдерді жоғарыда аталған банктер қабылдайды.
Жеңілдетілген автонесиенің шарттары:
- сыйақы мөлшерлемесі – 4%;
- кредиттеу сомасы – 10 млн теңгеге дейін;
- қаржыландыру мерзімі – 7 жылға дейін;
- бастапқы жарна – 0% бастап;
- көліктің құны – 15 млн теңгеге дейін.
Қазақстандықтар аталған бағдарламаның көмегімен елде құрастырылған Chevrolet, JАС, Kia, Hyundai тағы басқа көліктерді алуға мүмкіндігі бар.