ІТ мамандардың арасында өткен киберқауіпсіздік бойынша жарыс мәресіне жетті
Іс-шараға еліміздің әр өңірінен 411 азамат қатысты
17 мамырда Астана IT университеті оқу ордасының 5 жылдығына орай «FR13NDS AITU CTF 2024: Ақпараттық қауіпсіздік және этикалық хакерлер» жарысын өткізді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ақпараттық қауіпсіздік, кибершабуыл және оған қарсы іс-әрекетті жетілдіру, ІТ мамандар біліктілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылған шараға еліміздің әр өңірінен 411 азамат (126 команда) қатысты. Олардың қатарында ҚБТУ, ҚазҰУ және ХАТУ секілді бірқатар іргелі жоғары оқу орындарының командалары мен «KazTransGlobal» ЖШС, ICV Central Asia, Freedom Holding, «GTS» АҚ, «Халық банкі» АҚ, тағы басқа жетекші компания өкілдері бар. 26-27 сәуірде өткен іріктеуден жоғары балл жинаған 10 команда финалдық ойында қайта кездесті.
Шараны Астана ІТ университетінің Академиялық және тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Болатжан Құмалақов ашып, қатысушы командаларға сәттілік тіледі.
Ақпараттық қауіпсіздіктің маңызына жеке адамнан бастап, мемлекеттік деңгейде де аса жауапкершілікпен, сақтықпен қарайды. Ақпараттық қоғамда дәл қазір және бұдан кейін де жоғары сұраныста болатын саланың қыр-сырын білген сіздер — нағыз мамансыздар. Бұл — сіздердің кәсібиліктеріңізді шыңдайтын сайыс. Ізденістеріңіз, талпыныстарыңыз тоқтамасын. Баршаңызға сәттілік, достық жеңсін! — деді ол.
Финалда «scimus_verum», «fsociety», «mimicats», «kbtu_ctf_enjoyers», «c1cada», «THREAT», «KTG», «r1p3rs», «ISV Central Asia», «sudo cat» құрамалары «FR13NDS TEAM» және Astana IT университеті әзірлеген тапсырмаларды жылдамдыққа орындап, біліктіліктерін байқады.
Нәтижесінде «scimus_verum» командасы жеңімпаз атанып, қаржылай 350 мың теңге сертификатын иеленді. Жүлделі ІІ, ІІІ орындарды «fsociety» және «mimicats» құрамалары өзара бөлісіп, сәйкесінше 250-150 мың теңге сертификтын місе тұтты.
Шара барысында студенттер мен қонақтарға «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ Ақпараттық қауіпсіздіктің ұлттық үйлестіру орталығының бас сарапшысы Әбілқайыр Иманбердиев, «Spectre Security Group» ЖШС-ның атқарушы директоры Медет Тұрсын мен SOC «QazSoc» компаниясының жетекшісі Виталий Назеренко ақпараттық қауіпсіздік, мәліметтерді сақтау мен кибершабуылдың алдын алу және шабуыл жасалған сәттегі әрекет турасында тәжірибелерін ортаға салды.