Halyq Uni логотип
×

Елге Эверестке шыққан альпинистер Мақсұт Жұмаев пен Анар Бурашева оралды

Анамның дұғасы мені аман сақтап қалды, - деді қазақ әйелдерінен тұңғыш рет әлемнің ең биік шыңына көтерілген альпинист

 Дастан Жұмабекұлы 20.05.2024 | 11:02
Елге Эверестке шыққан альпинистер Мақсұт Жұмаев пен Анар Бурашева оралды
Фото: Tatyana Aladina

Дүниежүзінің ең биік шыңы – Эверест шыңына (8848 м) шыққан қазақстандық альпинистер Мақсұт Жұмаев, Анар Бурашева пен Әлмір Қымбатбайұлы елге оралды. ҚазАқпараттың хабарлауынша, оларды Алматының әуежайында қаумалаған халық күтіп алды.

Бұл экспедиция еліміздің мемлекеттік туын әлемнің ең биік шыңында көтеру мақсатында болды. Осы жерде атап өтетін бір нәрсе, Эверестке (Джомалунгма, - тибетше, Сагарматха, - непалша) шыққан Анар Бурашева қазақ әйелдерінен тұңғыш рет әлемнің ең биік шыңына көтерілген альпинист атанды. Бұл топта ғаламшардағы 14 сегіз мыңдықтың барлығын бағындырған аты аңызға айналған қазақ альпинисі Мақсұт Жұмаев Анар Бурашеваға жетекшілік етті.  

Қорғаныс министрлігінің ұжымы альпинистерге команданың Гималай тауында болып, ауа райының қиындығына қарамастан биік шыңға көтерілу кезінде көрсеткен батылдығы мен батырлығы үшін алғыс білдірді.

Кездесуде Мақсұт Жұмаев Анар Бурашеваға Эверестке шығуға көмектесу бұрыннан бергі арманы болғанын айтып, сол мақсатқа жетуге көмектескен адамдарға алғыс сезімін жеткізді.

Анар Бурашева болса, экспедиция кезінде өз отбасының басты мотиваторы болғанын айтты.

Отбасымның суреттері күртешемнің жүрек тұсындағы қалтада болды. Тауға шықпас бұрын біз «Пуджа» рәсімін жасадық. Таудан көтерілуге рұқсат сұрап, аман-есен оралуымызды тіледік. Анамның дұғасы мені аман сақтап қалғанын да білемін. Біздің экспедициямызға қызығушылық танытып, қолдау көрсеткен барлық отандастарымызға рахмет!, – деді Анар Бурашева.

Еске сала кетсек, 12 мамырда Непал уақытымен таңғы сағат 07:25-те құрамында Анар Бурашева мен Мақсат Жұмаев бар Kazakh Everest Team командасы әлемнің ең биік шыңы – Эверест шыңына (8 848 м) көтерілген болатын.

12 мамырда дауыл мен боранға байланысты көп экспедиция бағытынан кері қайтты. Тек бес елдің альпинистері ғана Эверестке шықты. Олардың арасында біздің отандастарымыз бар. Тарихта әлемнің ең биік шыңына шыққан тұңғыш қазақ қызы Анар Бурашева мен альпинист Мақсұт Жұмаев Эверестке шығып, тауға Қазақстан Республикасының мемлекеттік туын қадап, қол бұлғады, –  деп хабарлаған еді Kazakh Everest Team баспасөз қызметі.

Жалпы, Kazakh Everest Team командасы шыңға көтерілу үшін бес тәулікке жүрді.

7 мамырда базалық лагерьден (5 350 м) шығудан басталып, содан кейін альпинистер I Лагерь (6 100 м) арқылы өтіп, одан кейін II Лагерьге (6 400 м), III Лагерьге (7 100 м.) көтерілді. IV Лагерьге (8 000 м) жеткен соң одан әрі Эверестке (8 848 м) шықты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама