×

«Бізді қиын ойындар күтіп тұр»: бас бапкер ұлттық құрама туралы айтты

Магомед Адиев командаға қатаң талап қойып отыр

 Дастан Жұмабекұлы 03.06.2022 | 15:30
фото: inkaraganda.kz

Бүгін «Астана-Арена» стадионында сағат 20.00-де Қазақстан құрамасы Әзербайдан командасымен Ұлттар лигасының «С» лигасының үшінші тобындағы алғашқы матчын өткізеді.

Осыған байланысты ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Магомед Адиев баспасөз мәслихатын өткізіп, журналистердің сұрақтарына жауап берді. Бас бапкер команданың Әзербайжанмен ойынға, жалпы Ұлттар лигасына дайындығы туралы айтты.

«Біз лайықты қарсыласпен ойнағалы жатырмыз. Бірақ, біз олардан кем емеспіз деп ойлаймын. Өз жанкүйерлеріміздің алдында жеңіске жеткіміз келеді. Дегенмен бізді қиын ойын күтіп тұр», - деп бастады сөзін Адиев.

Одан кейін БАҚ өкілдері өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.

- Команда он күнде төрт ойын өткізуі тиіс. Әзербайжанмен дебюттік ойыныңыз болғандықтан, кіл мықты ойыншыларды шығаратыныңыз белгілі. Ал қалған ойындарда қалай ротация жасайсыз?

- Біздің командада резерв жоқ. Мен ойыншыларды негізгі және қосалқы құрамда болады деп айта алмаймын. Олай деуге қақым жоқ. Командаға 24 ойыншы мен 3 қақпашыны шақырдым. Олардың барлығы негізгі құрамда кімдердің ойнайтынын күтіп жүр. 10 күнде 4 ойын болады. Біз бұл сынақтан өту үшін күшімізді дұрыс пайдалануымыз қажет. Бұл үшін бапкерлердің қабылдайтын шешімі өте маңызды. Әрине, біз 6 маусымдағы ойынды назарда ұстаймыз. Өйткені, ол матч сырт алаңда өтеді. Уақыт белдеулері өзгереді. Бұл командаға өз әсерін тигізбей қоймайды. Бізді қиын ойындар күтіп тұр.

- Бұған дейін Қазақстан құрамасын жаттықтырған Станимир Стойлов сұхбаттарының бірінде біздің команданың ойыны тікелей қорғанысқа байланған деп айтты. Біз қашан шабуылда белсенді түрде ойнайтын командаға айналамыз?

- Шынымды айтсам, бұл мен үшін ыңғайсыз сұрақ. Сіз Станимир Стойлов жайлы айтып қалдыңыз. Ол кім? Ол ұлттық құраманың жаттықтырушысы ма? Жоқ, ол қазір өз клубын жаттықтырып жүр. Оны бапкер ретінде құрметтеймін. Бірақ, мен ешқашан басқа команданың ойыны жайлы сөз қозғамаймын. Мен қазір ұлттық құрамаға жауапты маманмын. Басқалардың командам туралы мұндай әңгіме айтқанын қаламаймын.

Енді сұрағыңызға жауап берейін. Қанша шабуыл жасағаныңмен, 5:0 есебімен ұтылғаннан не пайда?! Одан да бірқалыпты ойнаған дұрыс. «Реал» мен «Ливерпульді» алайық. «Ливерпуль» шабуылға лап қоятын команда. Бірақ, Чемпиондар лигасын мадридтік клуб жеңіп алды. «Шахтерді» жаттықтырған кезде мен әртүрлі ойын жүйесін пайдаландым. Кейде қорғаныста ойнадық. Ал Қазақстан кубогының финалында және тағы бірнеше матчта шабуылға иек арттық. Себебі, команда мұндай футболға дайын болды. Сол сияқты ұлттық құрамадағы ойыншылар менің талаптарымды орындап, ойын философиямды түсіне білуі қажет. Сол кезде ғана шабуылда сенімді түрде өнер көрсететін боламыз. Бәрін өз уақытында істеген дұрыс.

- Игорь Шацкий қазір команданың негізгі қақпашысы. Алдағы төрт ойынның бәрінде Шацкийге сенім артасыз ба әлде жас қақпашыларға мүмкіндік беріле ме?

- Біз бұл мәселені қақпашылардың бапкерімен талқылап қойдық. Егер Игорь өзіне сенімді болса, оны неге негізгі құрамда шығармасқа?! Егер оған қандай да бір үзіліс керек болса, Шайзада немесе Сейсенге мүмкіндік береміз.

- Ұлттық құраманың көшбасшы ойыншылары алдағы матчтарға қатыса алмайды. Олардың орнына кімдерді  шығарасыз?

- Зайнутдинов жақсы ойыншы. Ол бізге жетіспей тұр. Быстров, Мужиков, Жақсылықов секілді футболшылар да көп пайдасын тигізер еді. Бірақ олар да ұлттық құрамаға келе алмады. Дегенмен Әзербайжанмен ойынға басымызды жоғары көтеріп, үлкен сеніммен шығуымыз керек. Мен командадағы ойыншылардың барлығына сенім артамын. Олардың бәрін лидер деп санаймын.

 

 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама