Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында төтенше жағдай енгізілді

Халық үні

Екі өңірде ТЖ 19 қаңтарға дейін жарияланды

фото: Halyq Uni

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында төтенше жағдай енгізу туралы жарлыққа қол қойды.

Азаматтардың қауіпсіздігін және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін заңдылық пен құқықтық тәртіпті қалпына келтіру, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында 2022 жылғы 5 қаңтардағы сағат 01:30-дан 2022 жылғы 19 қаңтардың сағат 00:00 кезеңі аралығында төтенше жағдай енгізу туралы жарлыққа қол қойды.

Президент телевизия арқылы жасаған үндеуінде айтқандай, іштен және сырттан болған сан түрлі ақпараттарға сеніп, ереуілге салынған топтың қитұрқы әрекеттері мен тәртіпсіздікке ермей, парасатпен және ақылмен ғана шешім қабылдайды деп үміттенеді.

Төтенше жағдай енгізілген соң Маңғыстау облысы мен Алматы қаласына кіру, сондай-ақ одан шығу шектеледі.

  • Одан бөлек, бейбіт жиналыстарды, ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге тыйым салынады;
  • ереуілдерге және заңды тұлғалардың қызметін тоқтата тұрудың немесе тоқтатудың өзге де әдістеріне тыйым салынады;
  • қару, оқ-дәрі, жарылғыш заттар, арнаулы құралдар, улы заттар сатуға тыйым салынсын, дәрі-дәрмектің, есірткі заттардың, психотроптық заттардың, прекурсорлардың, сондай-ақ этил спиртінің, алкоголь өнімдерінің айналымына ерекше режимі белгіленеді;
  • жеке тұлғалардан қару мен оқ-дәріні, улы заттарды уақытша алып қою, ал заңды тұлғалардан қаруға, оқ-дәріге және улы заттарға қоса әскери және жауынгерлік оқу техникасын, жарылғыш және радиоактивті заттарды уақытша алып қою қамтамасыз етіледі.