Halyq Uni логотип
×

Тасқынмен күрес: Жапония Қазақстанға гидротехникалық құрылыстарды нығайтуға көмектеспек

Жақын арада заманауи жапон технологиялары қолданылмақ

 Қымбат Елтайқызы 18.05.2024 | 13:51
Тасқынмен күрес: Жапония Қазақстанға гидротехникалық құрылыстарды нығайтуға көмектеспек
фото: ТЖМ

Қазақстан мен Жапония су тасқынымен тиімді күресу үшін гидротехникалық құрылыстарды нығайту бойынша бірлесіп жұмыс істеуді жоспарлап отыр. Ынтымақтастық осы жылдың маусым айында басталуы мүмкін, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз Жапонияның Қазақстандағы елшілігінің өкілі Каната Томохиромен кездесу барысында ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады. Қос тараптың кездесуі Су ресурстары және ирригация министрлігінің бастамасымен өтті.

Қазір Жапония тарабы екі бағытта көмек көрсету мүмкіндігін қарастырып отыр. Біріншісі - Жапонияның жер, инфрақұрылым, көлік және туризм министрлігімен бірлесіп жұмыс жасау. Екінші бағыт – жапондық халықаралық ынтымақтастық агенттігімен (JICA) өзара серіктестік орнату. Сонымен қатар, JICA осы жылдың маусымында техникалық қолдау көрсетуге дайын.

Қазақстан тарапынан сұранысқа жедел жауап берген жапондық әріптестерімізге алғыс айтамын. Біз жұмысты бастап кету үшін барлық қажетті деректі беруге дайынбыз. Қазір біздің сарапшылар нысандарға бастапқы тексеру жұмысын жүргізіп жатыр. Заманауи жапондық технологиялар қажетті жұмыс көлемін дәл анықтауға мүмкіндік береді, - деді Болат Бекнияз.

Өз кезегінде Жапония тарабы қысқа мерзімде нығайтылуы тиіс маңызды құрылымдардың тізімін сұрады. Деректер JICA өкілдеріне беріледі.

Сондай-ақ, тараптар Жапонияның Қазақстандағы Елшісі Ямада Джунның су тасқынынан зардап шеккен аймақтарды аралау мақсатындағы маусымға жоспарланған Ақтөбе облысына сапарын талқылады. Кездесудің тағы бір тақырыбы – тәжірибе алмасу және қазақстандық мамандардың біліктілігін арттыру болды.

Атырау қаласында Жайық суының деңгейі әлі көтеріліп тұр. Су тасқыны: Тоқаев премьер-министрге бірқатар тапсырма берді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама