Жарысқа еліміздің 10 облысы мен 2 қаласынан келген спортшылар қатысты
Алматы облысындағы «Қобыланды» ипподромында жастар арасында теңге ілуден Қазақстан Республикасының XVIII чемпионаты аяқталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Жарысқа еліміздің 10 облысы мен 2 қаласынан келген спортшылар қатысты.
Теңге ілу федерациясының атқарушы директоры Айбек Түркебайдың айтуынша, жарысқа қатысушы спортшылардың саны жыл сайын артып келеді.
Былтыр жалпы саны 25 спортшы қатысқан болса, биыл тек жастардың арасында 35 спортшы бар. Осы жастар және жасөспірімдер чемпионатында жалпы саны 75-ке жуық спортшы бақ сынап жатыр, – деді Айбек Түркебай.
Жарыс нәтижесінде «Бес белес», «Қос құлаш» және «Жеті құт» стильдері бойынша жеңімпаздар анықталды.
Сонымен, «Бес белес» стилінде бірінші орынды Ұлағат Амангелді (Шымкент), екінші орынды Қанат Бақтыбай (Түркістан облысы) алса, үшінші орынды Ерасыл Қоқанбай (Қызылорда облысы) мен Азат Әмірбеков (Шымкент) бөлісті.
«Қос құлаш» стилінде Арнұр Шалхар (Түркістан облысы) жеңімпаз болды. Екінші орынды – Нұрәлі Ерсін (Алматы облысы), үшінші орынды Дарын Мырзағали (Алматы қаласы) мен Руслан Сейдахмет (Қызылорда облысы) алды.
«Қос құлаш» стилі бойынша екінші орын жеңімпазы атанған Алматы облысының спортшысы Нұрәлі Ерсін барлық спортшылар жақсы дайындықпен келгенін, қарсыластарының да керемет өнер көрсеткенін алға тартты.
«Жеті құт» стилінде бірінші орынға Мейіржан Жұмаш (Шымкент қаласы), екінші орынға Ернұр Серікбай (Түркістан облысы) ие болса, үшінші орын Нұрислам Намазбай (Жамбыл облысы) мен Ерболсын Мақашевқа (Батыс Қазақстан облысы) бұйырды.
Айта кетсек, бүгін «Қобыланды» ипподромында теңге ілуден жасөспірімдер арасындағы жарыс жалғасып жатыр.
Еске сала кетсек, Республикалық теңге ілу федерациясы Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді. Қауымдастық құрамында бұдан өзге, бәйге, көкпар, аударыспақ, жамбы ату, садақ ату, құсбегілік, асық ату, «JORYQ» ат спорты және т.б. федерациялар бар. Ұлттық спорт қауымдастығын белгілі кәсіпкер, меценат, «Altyn Qyran Foundation» Қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов басқарады.