Абай облысында 397 млн теңгенің жер телімдері мемлекетке қайтарылды
Жергілікті атқарушы органдардың заңсыз актілері жойылды
Осы жылдың өткен кезеңінде қабылданған шаралармен жергілікті атқарушы органдардың заңсыз актілері жойылып, жалпы ауданы 49 мың гектар болатын 397 млн теңгенің 37 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Сонымен бірге облыс прокуратурасының наразылықтары бойынша қалалар мен аудандар мәслихаттарының жер салығының базалық мөлшерлемелерін түзету және бағалау аймақтарының шекараларын және жер учаскелері үшін төлемақының базалық мөлшерлемелерін түзету коэффициенттерін бекіту туралы 4 нормативтік құқықтық актісі жойылды.
Мәселен, бір жағдайда мәслихаттардың шешімдерін қабылдау кезінде күші жойылған жерді аймақтарға бөлу схемасы пайдаланылса, екінші жағдайда күшіне енбеген схема қолданылған. Бұл жер салығының базалық ставкаларының негізсіз өсуіне әсер етті.
Бүгінде базалық ставкалар сәйкестікке келтірілді. Осылайша, көптеген адамның құқығы қорғалды.