Атырау облысында көліктер опырылған жол ойығына түсіп кетті (ВИДЕО)
Жол бүгін кешке дейін толық қалпына келтіріледі, - деді облыс әкімінің орынбасары
Атырау қаласынан 27 шақырым жерде асфальт опырылған. Оқиға 17 мамырда таңғы сағат 07:00 шамасында 17-ауыл тұсында болған.
Соның салдарынан ГАЗель мен жеңіл автокөлік жол ойығына түсіп кетті. ГАЗель авткөлігінен жәшіктер құлап, жеміс-жидектер жол бойына төгілген. Жүргізушісі ойықтан көлігін өздігінен шығара алмады.
Оқиға орнына полиция қызметкерлері келіп жеткен. Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Ермұхановтың хабарлауынша, қазір «Атырау-Индер» тасжолының 27-шақырымында шұғыл қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Талдыкөл ауылын газбен қамтамасыз етіп тұрған құбырының айналасына өр суы таралып, салдарынан топырақ пен тасжол опырылып кетті. Зардап шеккендер жоқ. Газ құбырының бүлінуі, газ тарау дерегі тіркелген жоқ. Атырау облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мамандары жедел қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. 4 арнайы техника, 15 маман жұмылдырылды. Жол бүгін, яғни 17 мамырда кешке дейін толық қалпына келтіріледі, - деді Нұржан Ермұханов.
Әкімдік мәліметінше, 27-28 шақырым аралығында автокөлік жүргізушілеріне айналма жолмен жүруге мүмкіндік бар. Атырау қалалық ПБ жол жүру техника инспекциясы қызметкерлері жолдағы көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жатыр.