Таразда полицейлер 2 жасар баланы өлімнен арашалап қалды (ВИДЕО)
Бала облыстық балалар ауруханасына жатқызылды
Таразда полицейлер 2 жасар баланы өлімнен арашалады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Құтқару сәті суға тұншығып, дем ала алмай жатқан кішкентай балаға көмекке асыққан полиция қызметкерлерінің бірінің бейнежетонына түскен.
Анықталғандай, Айша бибі көшесінің бойында орналасқан мектеп жанында ағып жатқан каналға 2 жасар бала құлап кеткен. Кездейсоқ өтіп бара жатқан адам бұны байқап, баланы ес-түссіз күйде судан шығарып алған. Бұл уақытта Боран-3 автоэкипажы өзіне бекітілген аумақты патрульдеп жүрген. Рация бойынша кезекшіден шұғыл шақырту алған полицейлер бірнеше минут ішінде шақырту орнына жеткен. Жедел медициналық көмек бригадасы келгенше, тәртіп сақшылары 10 минут бойы жүрек-өкпе реанимациясын жүргізіп, нәтижесінде бала дем ала бастаған.
Балада тыныс алу белгілері болмаса да мен соңына дейін күресіп, бізге үйретілген барлық дағдыларды қолдана отырып, тоқтаусыз жүрекке массаж жасадым. Көрер жарығы бар екен, өкпеден су шығып, нәресте дем ала бастады, – деді Тараз қаласы ПБ патрульдік полиция батальонының инспекторы Дәурен Колқаев.
Бала облыстық балалар ауруханасына жатқызылды. Қазір оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.