Бұған дейін құрама 6 рет жабық ғимараттағы көгалдағы хоккейден жеңімпаз атанған
Индорхоккейден әйелдер арасында Таиландтың Чонбури қаласында өтіп жатқан Азия кубогында Қазақстан құрамасы күміс жүлде иеленді.
Ұлттық құрама финалда алаң иесі – Таиландтың командасынан 2:6 есебімен жеңілді.
Жабық ғимараттағы көгалдағы хоккейді индорхоккей деп атайды. Биылғы Азия кубогында спорттың осы түрінен әйелдер құрамасы топтық кезеңде А тобында сынға түсті.
Жарыста құрама команда Вьетнамды 28:0, Малайзияны 5:1, Оманды 8:0, Иранды 5:1 есебімен жеңді.
Одан кейін жартылай финалда Индонезиямен негізгі уақытта 3:3 есебімен тең түсіп, буллитте жеңіске жетті. Осылайша, финалға жолдама алған еді.
Азия кубогында 3-орынды Малайзия командасы жеңіп алды. Олар қола жүлде үшін ойында Индонезиядан 4:0 есебімен айласын асырды.
Енді 21-25 мамыр аралығында Талдықорған қаласында ерлер арасындағы Азия кубогының жалауы көтеріледі.
Индорхоккейден еліміздің әйелдер құрамасы 2010, 2012, 2014, 2015, 2017, 2019 жылдары 6 мәрте Азия кубогының иегері атанса, 2009, 2024 жылдары күміс медальді қанағат тұтты.