Орталық референдум комиссиясына азаматтардан 524 өтініш түсті

Динара Амантай

Азаматтардың 95%-ы өздерінің дербес деректерін кері қайтарып алғысы келген

Фото: Halyq Uni

Референдумға байланысты 524 азамат Орталық референдум комиссиясына өтініш жіберген. Бұл туралы Комиссия мүшесі Асылбек Смағұлов айтты.

5 мамыр күні референдум жарияланған сәттен бастап бүгінгі күнге дейін Орталық референдум комиссиясына жеке және заңды тұлғалардан 524 өтініш келіп түскен. Өтініштер 4 арна арқылы келді: «Қазпошта» АҚ, электрондық үкімет порталы, Орталық референдум комиссиясы электрондық поштасы және қолма-қол. Келіп түскен өтініштердің сипаты келесідей бөлінді:

 - 500 өтініш немесе 95 %-ы мазмұны бойынша бірдей және дауыс беруші тұлғалардың тізімдерін қалыптастыру кезінде өздерінің дербес деректерін кері қайтарып алу мәселелеріне қатысты;

- 9-ы БАҚ сұрауы немесе 1,7%-ы референдумды ұйымдастыру мәселелері бойынша ақпарат беру туралы;

- қоғамдық бірлестіктердің 7 өтініші немесе 1,4%-ы байқаушы немесе өкіл ретінде қатысу мүмкіндігі туралы сұрау салуы;

- 8-і немесе 1,3%-ы басқа мәселелер, – деді ол Орталық сайлау комиссиясының отырысында.

Асылбек Смағұловтың айтуынша, келіп түскен өтініштердің 15-іне белгіленген мерзімде толық жауап берілді. 500-і Орталық референдум комиссиясының құзыретіне кірмейтіндіктен заңда белгіленген тәртіппен жергілікті атқарушы органдарға жіберілді. 9 өтініш қаралуда. Орындалмаған өтініштер жоқ.

Аумақтық референдум комиссияларына 35 өтініш келіп түскен. Олардың жартысынан көбі немесе 23-і Алматы қаласының аумақтық референдум комиссиясына және 9-ы Ақтөбе облысының аумақтық референдум комиссиясына келіп түсті.

 Ақмола, Атырау, Павлодар облыстарынынан - 1, Қостанай облысынан - 3, Солтүстік Қазақстан облысынан – 4 және Шымкент қаласынан 2 өтініш бар. Негізінен бұл өтініштер референдумға дайындық тәртібі мен дауыс берушілердің тізіміне қатысты.

Сонымен қатар, Астана, Алматы, Түркістан, Қызылорда, Қарағанды, Жамбыл, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында бірде-бір өтініш жоқ, – деп толықтырды ол.