Halyq Uni логотип
×

Тасқыннан кейін 202 отбасы тұрғын үй мен пәтер алды

Зардап шеккен өңірлерде барлығы 11 мыңға жуық тұрғын үй тексерілді

 Динара Амантай 17.05.2024 | 10:22
Тасқыннан кейін 202 отбасы тұрғын үй мен пәтер алды
Фото: Halyq Uni/ Мейірбек Тажқұранов

Үкімет мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша биылғы көктемде болған ауқымды су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға келтірілген шығынды өтеу жұмыстарын жалғастырып жатыр, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Бүгінде 24 мың 641 отбасы 9,3 млрд теңгеден астам сомаға 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алды. Мал шығыны үшін берілген мемлекеттік көмек көлемі 1,3 млрд теңгеден асты.

17 мамырдағы жағдай бойынша, бүгінде 202 отбасы қираған баспанасының орнына тұрғын үй мен пәтерге ие болды. Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында зардап шеккен азаматтарға арналған 658 жаңа үй салынып жатыр.

Сонымен қатар 596 отбасына тұрғын үйді жөндеуге және қалпына келтіруге 878 млн теңгеден астам өтемақы төленді. Зардап шеккен өңірлерде барлығы 10 740 тұрғын үй тексеріліп, 8 168 нысан бойынша бағалау жүргізілді.

Келтірілген зиянды өтеу жұмыстары жалғасып жатыр және Үкіметтің қатаң бақылауында. Президенттің тапсырмасы бойынша зардап шеккен азаматтардың барлығына жан-жақты көмек пен қолдау көрсетіледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама