Гимнасшы Милад Карими – Азия чемпионатының күміс жүлдегері!
Бұған дейін спортшылар көпсайыста құрмет тұғырының биік сатысына көтеріліп көрмеген
Спорттық гимнастикадан Өзбекстанның астанасы – Ташкент қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында Милад Карими күміс медаль жеңіп алды.
Ол көпсайыстан 84.632 ұпай жинап, жалпы есепте 2-орынға шықты. Алтын жүлдеге әлем чемпионатының бірнеше дүркін медалисі, филиппиндік Карлос Юло ие болды.
Өзбекстандық Абдулла Азимов 82.431 ұпаймен турнирдің қола медалін иеленіп қана қоймай, Париж Олимпиадасына да жолдама алды.
Карими де, Юло да жолдама мәселесін шешіп қойғандықтан, квота өзбек гимнасшысына беріледі. Қазақстан құрамасының тағы бір спортшысы Дмитрий Патанин 79.598 ұпаймен көпсайыста жүлдеге іліге алмай, Олимпиадаға іріктеуден өтпей қалды.
Еске сала кетсек, Милад Карими Азия чемпионатында көпсайыстан күміс медаль алып, тарихи жетістікке жетті. Бұған дейін отандық гимнасшылар жекелеген снарядтарда жүлде алғанмен, құрлық додасында көпсайыс қорытындысы бойынша құрмет тұғырының биік сатысына көтеріліп көрмеген.
Ташкенттегі Азия чемпионатында Париж Олимпиадасының жолдамасын алған Нариман Курбанов та бақ сынайды.