Астанада «Ұлы дала жорығы» фильмінің тұсаукесері өтті
Картинада жеңімпаз шабандоздардың тарихы баяндалады
Астанада «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі туралы деректі фильмнің тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Halyq Uni.
Марафон 2022 жылдан бастап «AMANAT» партиясының, Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен жыл сайын өткізіліп келеді. Ұйымдастырушылар – ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы мен оның құрамына кіретін «JORYQ» ат спорты федерациясы.
Фильмде 2023 жылы өткен «Ұлы дала жорығы» марафоны туралы баяндалады. Осы жорыққа қатысушылар Астанадан Түркістанға дейін 1300 шақырым жол жүріп өткен еді. Марафон 14 кезеңге бөлініп, оған еліміздің 19 өңірінен бір-бір командадан қатысты.
Екінші марафонның қорытындысы бойынша 1300 шақырым жолды 93 сағат 47 минут 43 секундта жүріп өткен Жетісу облысының командасы абсолют чемпион атанды. Сонымен қатар, Маңғыстау облысының шабандозы Мағжан Абдолұлы 50 шақырымды 1 сағат 33 минутта жүріп өтіп, әлемдік рекорд орнатты.
«AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі аз уақыттың ішінде халықтың тақым қысып тамашалайтын жарысына, көзайымына айналғанын атап өтті.
«Мемлекет басшысының қолдауымен басталған «Ұлы дала жорығы» бәйгесі ұлттық спорттың дамуына ғана емес, ұлттық болмысымыз бен тарихымызды тануға, ұлттық рухтың оянуына зор қозғау салып отыр. Бәйге-марафонға «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошанов та үнемі қолдау көрсетіп келеді. Біз де әрдайым осы игі іс-шараның басы-қасында бола береміз. «Ұлы дала жорығы» басталғаннан кейін қоғамда, әсіресе жастар арасында жылқыға, ұлттық спортқа деген қызығушылықтың еселеп артқанын көріп отырмыз. Қазір жылқы ұлттық брендімізге айналды деуге болады. Сондықтан, бүгінгі деректі фильмді болашақта жылқы туралы түсірілетін өнер туындыларының, көркем фильмдердің ізашары деп білемін», - деді Дәулет Кәрібек.
Кинокартинада шабандоздардың жарысқа дайындығы, олардың қиындықтарды қалай еңсергені және жеңіске деген ұмтылысы көрсетіледі. Фильм қазақ халқының өткен көшпелі өмір салты мен қазіргі Қазақстанның келешек көкжиегін біріктіре отырып, ұлттық рухты жаңғырту мақсатында түсірілген.
Фильмде марафонға қатысушылар сапар барысында басынан өткен оқиғасы туралы әңгімелеп, шынайы эмоциясымен бөліседі. Олар Ұлы дала төсін көктей өтіп, көшпенділердің шынайы әлеміне енуге мүмкіндік алғанын айтады.
«Біз осы бірегей жобаны қатарынан үшінші жыл өткізгелі отырмыз. «Ұлы дала жорығы» күзде елімізде өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасына енгізілді. Яғни, жорық халықаралық деңгейге көтерілді. Осы жобаның арқасында елімізде ұлттық спорт және ат спорты өнері дами түседі деп үміттенеміз», - деді ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов.
Фильм командалар бастан өткерген шынайы эмоцияларға – көз жасына, уайымға, көңілсіздікке және жеңіске деген ұмтылысқа негізделген. Шабандоздар Астанадан Түркістанға дейін 1500 шақырымды 14 күнде бағындыруы керек. Фильм режиссері әрі продюсері Темірбек Аманжол түсірілімге сілтеме «Тур де Франс» веложарысы мен «Дакар» раллиі болғанын, бұл жағдайда тек велосипедтер мен көліктердің орнына жылқылар пайдаланылғанын айтты.
«Қиындығы шабандоздар күн сайын 100 шақырым қашықтықты жүріп өтті. Командаларға ілесу біраз қиын болды, өйткені командалар бізді күтпеді. 100 шабандозбен бірге таңғы 5-те ояна салып, таңғы алтыда ас ішіп, ал сағат 7-де мәре басында болу қажет. Әр екі минут сайын бір команда басталады», - дейді ол.
Деректі фильмнің тұсаукесеріне келген қонақтардың қатарында былтыр осы марафон-бәйгеге қатысушылар, спорт саласының өкілдері, Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері, шетелдік дипломатиялық корпус өкілдері және т.б. болды.
Айта кетейік, осы жексенбіде Павлодар - Астана бағытында үшінші «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі басталады.
«Ұлы дала жорығы» деректі фильмін «Black&White» компаниясы түсірді. Жобаның серіктестері – «Самұрық-Қазына» АҚ және «Sport Qory» спортты қолдау қоры.
Еске сала кетейік, Республикалық «JORYQ» федерациясы ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді. Одан бөлек, Қауымдастық құрамында бәйге, көкпар, теңге ілу, аударыспақ, жамбы ату, құсбегілік, садақ ату, асық ату және т.б. федерациялары бар. Ұлттық спорт қауымдастығын белгілі кәсіпкер, меценат, «Altyn Qyran Foundation» Қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов басқарады.