«Баянауыл» ұлттық табиғи саябағы өртеніп жатыр
Кеше Семей орманы жанып еді
Тілсіз жауды ауыздықтау үшін жеке құрам жиналды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті штабының мәліметінше, 2 маусымда сағат 12.10-да «Баянауыл» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында құрғақ шөп жанып жатқаны әрі оның Жасыбай орманшылығындағы қарағайға ұласқаны туралы хабарлама түскен. Өрт шалған аумақ шамамен 5 гектарды құрайды.
Бүгін сағат 9.30-дағы жағдай бойынша, «Баянауыл» саябағындағы кешегі өрт бақылауға алынды. Қазір өрт сөндіруге 40 машина мен 100-ден астам адам жұмылдырылды. Ашық өрттің таралуы тоқтатылды. Таудың жоғарғы жерлері әлі толық сөнбеді, - деді Павлодар облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясының басшысы Руслан Төлепбаев.
Павлодар облысы ТЖД бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Қайрат Шаймардановтың айтуынша, бір тәулік бұрын күн күркіреп, жаңбыр жауған.
«Сондықтан өрттің шығуына найзағай себеп болуы мүмкін. Бұған қоса жел жылдамдығы секундына 15-20 метрді құрады. Жел жылдамдығымен өрт екі ошаққа жайылды. Ол жерде құрғақ шөп жанды. Айтарлықтай ірі өрт тіркелмеді. Құрғақ шөп пен ағаштар бықсып жанып жатыр», - деді Шаймарданов.
Баянауыл ауданының әкімі Серік Батырғожинов оқиға орнында өзі және көмекшілері болғанын, тікұшақ шақыруға қажеттілік туындамағанын айтады.
Семейде орман өртеніп жатыр. Семейдегі орман өрті сөндірілді.