Қызылордада бос жұмыс орындары мен дайын өнімдер жәрмеңкесі өтті
Биыл қоныс аудару бағытында 1600-ге жуық отбасыға квота белгіленді
Бүгін облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен Еңбек мобильділігі орталығының ұйымдастыруымен «Болашақ» университетінде «Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдардың ерікті түрде қоныс аудару» аясында «Жетістіктер алаңы» шарасы өткізілді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Шараға облыс әкімінің міндетін атқарушы Данияр Жаналинов қатысты.
Шараның мақсаты – жұмыссыз азаматтарға халық үніне құлақ асатын ашық мемлекетті қалыптастыру жолында әлеуметтік сала, жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті қолдау бағытында азаматтарға берілетін ақпараттардың қолжетімділігін қамтамасыз ету және жұмыс іздеушілердің жұмыс берушілермен еркін түрде сұхбаттасып, жүздесулеріне ықпал жасау.
Шара аясында Солтүстік Қазақстан, Абай, Ұлытау, Павлодар облыстары мен жергілікті жұмыс берушілердің қатысуымен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі және мемлекеттік қайтарымсыз грант пен шағын несие алған азаматтардың «Қызылордада жасалған» дайын өнімдер жәрмеңкесі, әртүрлі қоғамдық және қаржылық институттардың қатысуымен кеңес беру бұрышы жасақталды.
Аталған жәрмеңкеде облыс әкімінің орынбасарлары, мәслихат депутаттары, прокуратура, облыстық басқармалар мен қоғамдық бірлестіктер ұйымдарының өкілдері, жергілікті жұмыс берушілер мен Ұлытау, Абай және Солтүстік Қазақстан облыстарынан келген делегация мүшелері және өңіріміздің тұрғындары, оқу орындарының түлектері қатысты.
«Қызылордада жасалған» дайын өнімдер жәрмеңкесіне мемлекеттік қайтарымсыз грант, жастарға арналған жеңілдетілген несие алып өз кәсіптерін ашқан облысымызда кәсіпкерлік саласының дамуына үлес қосып жүрген 80 кәсіпкер өз өнімдерін ұсынды.
2024 жылға Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Абай, Ұлытау облыстарына ерікті түрде қоныс аудару бағытында 1595 отбасының 6100 мүшесіне квота белгіленген. Жәрмеңкеде солтүстік өңірлерден және жергілікті жұмыс берушілерден 4 мыңға жуық бос жұмыс орындары ұсынылды. Соның ішінде облыс орталығында жылу орталығының құрылысын жүргізіп жатқан «Аksa Еnergy Qyzylorda (Акса Энерджи Қызылорда)» компаниясы, «Orda Glass LTD» шыны зауыты, «Казатомпром» ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорындары және аймақтағы ірі құрылыс компанияларының өкілдері қатысты.
Жалпы Солтүстік өңірлерге қоныс аудару жобасы аясында өңірімізден соңғы 5 жылдың ішінде құрамында 1053 мүшесімен 348 жанұя қоныс аударды. Жұмысқа жарамды мүшелерінің 82 пайызға жуығы тұрақты жұмысқа орналасып, жұмыс берушілер мен бюджет қаржысы есебінен тұрғын үймен, біржолғы қаржылай көмекпен қамтамасыз етіліп, коммуналдық тұрғын-үй және үйді жалдау шығыстарын өтеуге қаржылай қолдау көрсетілді. Бұндай қолдау шаралары қоныс аударуға ниет білдіргендердің барлығына көрсетілетін болады .