×

«Арзан тауар сатамыз». 60-тан аса адамды алдаған күдікті анықталды

Жәбірленушілердің басым бөлігі – Астана және Қосшы қалаларының тұрғындары

 Дәурен Ерболат 16.05.2024 | 16:48
Фото: otyrar.kz

Ақмола облысында полиция 60-тан аса адамды алдаған күдіктіні анықтады, деп хабарлады Polisia.kz.

Алаяқ «Қытайдан арзан тауар сатып әкеп береміз» деп 63 адамға сан соқтырған. Жәбірленушілердің басым бөлігі – Астана және Қосшы қалаларының тұрғындары. Залал көлемі 1 млн теңдеген асады.

Қосшыда тұратын жәбірленушінің айтуынша, 2023 жылғы 30 қаңтардан бастап биыл 18 қаңтарға дейін оның танысы Instagram арқылы 1 млн 889 мың 300 теңгеге ие болған. Ақшаны берген адам алдын ала тапсырыс беріп, Қытайдан жиһаз сатып алғысы келген. Осы әдіспен 60-тан аса адамның алданғаны белгілі болды.

Тергеу барысында күдікті WhatsApp-та топ ашып, әртүрлі тауарларды төмен бағамен жарнамалаған. Адамдар киім-кешек, тұрмыстық техника, заттар, жиһаз және тағы басқа тауарларды арзанға сатып алмақ болған.

Төлем алдын ала толық жүргізілген. Алайда кейін сатып алушылар тауарды да, ақшаны да ала алмаған. Тауарлардың кешігуін күдікті әртүрлі себептермен түсіндірген. Осыдан соң жәбірленушілер полицияға арызданған.

Бүгінде 63 адам жәбірленуші деп танылды. Алаяқтық дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Полицейлер тауарды онлайн сатып алған кезде сақ болуға шақырады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама