×

Елімізге «Болашақтың ойындары» турнирінің комиссиялары келді

Phygital International өкілдері Астана қаласының спорт нысандарын аралап, бағалайды

 Дастан Жұмабекұлы 16.05.2024 | 16:17
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев 2026 жылы Қазақстанда өтетін «Болашақтың ойындарын» алдын ала бағалау үшін арнайы келген Phygital International халықаралық компаниясының өкілдерімен кездесті.

Phygital International халықаралық компаниясы «Болашақтың ойындары» турнирінің құқығын иеленген. Phygital International бағалаушылары Астана қаласында 15-18 мамыр аралығында тексеріс жүргізеді.

Қазір киберспорт федерациясымен бірігіп, 2026 жылы Астана қаласында өткізуді жоспарлап отырған «Болашақтың ойындарына» дайындық жұмыстарын бастадық. Министрлік тарапынан Қазақстанда осы сайысты лайықты деңгейде өткізу үшін барлық қажетті шаралар қабылданады, – деді Ермек Маржықпаев.

Phygital International өкілдері EXPO халықаралық көрме орталығы, Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы, «Барыс Арена» спорт кешені, Qazaqstan жеңіл атлетика спорт кешені, «Алау» мұз айдыны сарайы, «Сарыарқа» велотрегі, «Астана Арена» стадионы және басқа да спорт нысандарын аралап, бағалайды.

Биыл 1 қазанда 2026 жылғы ойындарды өткізу мүмкіндігін жеңіп алған қала анықталады.

Еске сала кетсек, 21 ақпанда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Татарстанның Қазан қаласында «Болашақтың ойындарының» ашылу салтанатына қатысып, оны Қазақстанда өткізу туралы ойын білдірген еді. Қазақстан президентінің тапсырмасына сәйкес, жарысты 2026 жылы елімізде ұйымдастыру жоспарланған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама