БҚО-да тасқыннан зақымдалған үйлер қалпына келтіріле бастады
Облыс бойынша төтенше жағдай салдарынан 1 497 тұрғын үйге зиян келтірілді
Батыс Қазақстан облысында су тасқыны салдарынан келтірілген шығындарды өтеу бойынша комиссиялар өз жұмыстарын жалғастырып жатыр, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов мәлім еткеніндей, комиссиялар Орал қаласы, Қаратөбе, Сырым, Бәйтерек, Бөрлі және Теректі аудандарында жұмыс істеп жатыр.
Тілепберген Ерсайұлының сөзіне қарағанда, мүмкін болатын жерлерде техникалық тексерулер жүргізіліп жатыр.
Облыс бойынша төтенше жағдай салдарынан 1 497 тұрғын үйге зиян келтірілді. Соның ішінде 456-сы әрі қарай тұруға жарамсыз деп танылды (Қаратөбе – 90, Сырым – 114, Теректі – 116, Бәйтерек – 9, Бөрлі – 127). Күні бүгін аталған аудандарда жарамсыз деп танылған тұрғын үйлерді қалпына келтіру бойынша жұмыстар басталды. Атап айтқанда, салынатын жаңа тұрғын үйлердің жер учаскелері анықталып, ескі орындары бұзылып, жер жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазір жергілікті компаниялар құрылыс жұмыстарын бастады, – деді Тілепберген Каюпов.
Зардап шеккендерге 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек (369,2 мың теңге) көрсетіледі. Осы орайда 6 679 отбасының 2,4 млрд теңге әлеуметтік көмек алғанын еске салған облыс әкімінің орынбасары бұл бағытта саяжай тұрғындарына да жәрдем берілетінін жеткізді.
Саяжай аумақтарынан судың кетпеуіне байланысты қиындық туындап отырғаны белгілі. Осыған орай «Ғарыш сапары» және басқа құзырлы мекемелердің техникалық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, тұрғындардың мекенжайындағы мүлкіне қаншалықты шығын келгенін анықтаудамыз. Соған байланысты біржолғы әлеуметтік көмек берілетін болады. Сонымен қатар 8 500-дей саяжай тұрғындарынан өтініш түсіп, соның ішінде халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы 2 500-дей арыз берушінің өзге баспанасы жоқ екендігі анықталды. Әйтсе де келесі кезеңде олардың отбасы мүшелерінің иелігінде үйі бар ма, жоқ па, ол да тексеріледі. Тек содан кейін ғана басқа баспанасы болмаған жағдайда пәтер сатып алып беру немесе жаңадан салу мәселесі қарастырылатын болады. Мұның бәрін біз барынша тездетіп шешуге күш салып жатырмыз, – деді Тілепберген Каюпов.