×

Қазақстан мен Германия бірлескен жаңа жобаларды іске асыруға мүдделі

Роман Скляр құрамына 15 неміс компаниясының басшысы кіретін неміс экономикалық делегациясының өкілдерімен кездесті

 Динара Амантай 16.05.2024 | 11:48
Фото: primeminister.kz

«Астана» халықаралық қаржы орталығының алаңында премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың, Германия экономикасының Шығыс комитеті басқармасының төрағасы Катрина Клаас-Мюльхойзердің қатысуымен Берлин Еуразиялық клубының 40-мерейтойлық отырысы өтті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Сондай-ақ шараға мемлекеттік және жеке сектор өкілдері, Германияның CLAAS, CT AGRO GmbH, Knauf International GmbH, Atlas International GmbH секілді жетекші компанияларының басшылары қатысты. 

Премьер-министрдің бірінші орынбасары өзінің алғы сөзінде Германияның еліміздің Еуропалық одақтағы ең маңызды сауда-экономикалық және инвестициялық серіктесі екенін атап өтті. Соңғы жылдары Қазақстан Германияның 50 жетекші сыртқы сауда серіктестерінің қатарына еніп, бірден 10 позицияға көтерілді.

Республикамыздағы инвестициялар қауіпсіздігі мен жоғары саяси тұрақтылықты мойындаудың маңызды белгісі – Германия Федералды Үкіметінің Қазақстанды ынтымақтастық орнату үшін инвестициялық кепілдіктер берудің жеңілдікті тәртібі қолданылатын 34 мемлекеттің тізіміне қосуы болды, – деді Роман Скляр.

Өз кезегінде Катрина Клаас-Мюльхойзер Қазақстан Германияның Орталық Азиядағы ең маңызды серіктесі екенін баса айтты. Ол неміс делегациясының Қазақстанға агроөнеркәсіп кешені, тау-кен металлургиясы, энергетика, көлік және логистика салаларында нақты бірлескен жобаларды іске асыруды уағдаласу мақсатымен келгенін ерекше атап өтті.

Германия шетелде серіктестерді белсенді іздеп отыр. Осы орайда Қазақстан – ынтымақтастықты кеңейтудің басым бағыты. Біз қосылған құны жоғары өнім шығарғымыз келеді және Қазақстан Республикасындағы өнеркәсіптік жобаларды дамытуға үлес қосуды жоспарлап отырмыз, — деді Германия экономикасы Шығыс комитетінің басқарма төрағасы.

Кездесу барысында «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин, Германия экономикасы Шығыс комитетінің атқарушы директоры, Қазақстан-Германия Іскерлік кеңесінің тең төрағасы Михаэль Хармс, Орталық Азиядағы неміс экономикасы Сыртқы сауда, ілгерілету және қаржы департаментінің басшысы Ховсеп Восканян, Германия Федеративтік Республикасының Экономика және климатты қорғау федералды министрлігінің басшысы Герлинд Хекман және тағы басқалары қатысты.

Сонымен қатар Роман Скляр құрамына 15 неміс компаниясының басшысы кіретін неміс экономикалық делегациясының өкілдерімен кездесу өткізді. Тараптар пікір алмасып, ынтымақтастықтың негізгі аспектілерін анықтап, экономиканың түрлі салаларындағы әріптестікті тереңдетудің ықтимал жолдарын талқылады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама