Магистральды кәріз коллекторы әбден тозған
Павлодар облысының Екібастұз қаласында техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Бұл туралы 24.kz телеарнасы хабарлады.
Екібастұз әкімдігінің мәліметінше, бұған құбыр желісі бөлігінің опырылуы себеп болған. Қаладағы 50 жылдық көшесіндегі магистральды кәріз коллекторы әбден тозған. Соның салдарынан құбыр бойымен өткізу қабілеті едәуір төмендеп, көптеген сызат пайда болды. Апаттар жиілеп, ақыр соңында құбырдың жоғарғы бөлігіндегі топырақ опырылып түскен.
Жауаптылар бюджеттен қаражат бөлінуі үшін төтенше жағдай режимін жариялауға мәжбүр болды. Ал жөндеу жұмыстарына 5 миллиард теңгеден астам қаражат керек.
Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары Ержан Салханов 4 жылдан бері топырақ төрт рет опырылып түскенін алға тартып отыр.
Екібастұздың 50 жылдығы көшесі бойынша өздігінен ағатын кәріз коллекторында ұзақ пайдаланып, тозуына байланысты құбыр лайланып кеткен. 2020 жылдың шілдесінен бері құбырдың беткі қабатында 4 рет топырақ опырылып, одан әрі ұлғайып жатыр, – деді ол.
Еске сала кетсек, бұған дейін Екібастұзда коммуналдық желілердің 90%-дан астамының тозып тұрғаны белгілі болған еді. Әсіресе, кәріз жүйесіндегі коллекторды жедел жөндеу қажет.