Қызметте қатал болғаныммен, өмірде анамын, келінмін, жармын, дейді ол
Қуандық Бишімбаевтың ісіндегі мемлекеттік айыптаушы болған Айжан Аймағанова алғаш рет көлемді сұхбат беріп, балалық шағы, отбасы мен жеке өмірі туралы айтып берді.
«Tengri TV» арнасына сұхбат берген Аймағанова балалық шағын есіне алып, алғашқы ұстаздарына алғыс айтты.
Мен Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданы Дәуіт станциясында туып-өскемін. Басында қазақ мектебіне бардым, кейін, ол мектеп жабылып орыс мектебіне бардым. Бір ауыз орыс тілін білмеген мені алғашқы ұстаздарым жақсы оқытты, - дейді Аймағанова.
Прокурордың айтуынша, ол әуел баста судья мамандығына құжат тапсырғысы келген. Жасына байланысты және өзге де себептерге байланысты құрбысы екеуі прокурор мамандығына құжат тапсырған.
«Әке-шешем қарапайым адамдар. Анам өмір бойы ұстаз болды, әкем бізді асырау үшін үнемі жұмыс істейтін. Кезінде жалақы бермеген қиын жылдары біздің үйіміздің жартысы тамаққа толып тұратын, өйткені, ата-анама жалақыны тамақпен беретін. Отбасында үш қыз бар, ұл бала жоқ. Мүмкін, сондықтан болар, мен ұл сияқты өстім», - дейді ол.
Айжан Аймағанованың бір әпкесі мен бір сіңілісі бар. Олар үйлі-баранды жандар. Аймағанованың өзі де тұрмыста.
Менің екі қызым, бір ұлым бар. Жолдасым бар. Балаларым әлі кішкентай, көп нәрсені түсіне қоймайды. Ал, жолдасым мені үнемі қолдап отырады. Мен қызметте қатал болғаныммен, өмірде анамын, келінмін, жармын, - деді ол.
Jambyl Info