Halyq Uni логотип
×

Шымкентте өткен көкпардан ересектер арасындағы республикалық турнир аяқталды

Бұл турнирге аудандардың, моноқалалардың ғана командаларына ғана қатысуға рұқсат етілді

 Динара Амантай 15.05.2024 | 17:51
Шымкентте өткен көкпардан ересектер арасындағы республикалық турнир аяқталды
Фото: Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының баспасөз қызметі

Еліміздің астанасында алғаш рет өтетін 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңындағы бұл республикалық турнирге Жамбыл, Тұрар Рысқұлов, Қаратау, Түлкібас, Абай, Қазығұрт және Тұран аудандарының құрама командалары қатысып, бақ сынады.

Еске сала кетсек, 11-16 мамыр аралығында өткен бұл турнирге аудандардың, моноқалалардың ғана командалары ғана қатысуына рұқсат етілді.

Бүгін 5 күнге созылған дүбірлі доданың финалдық кездесуі өтті.

Өз тобынан алдына жан салмай бірінші орынмен өткен Түлкібас ауданының командасы мен екінші топтан Абай ауданының құрама командасы финалда кездесті. Бұл ақтық бәсеке соңғы жылдары болмаған, көрермен көп күткен өте тартысты кездесу болды. Алғашқы минуттардан-ақ, командалар бір-біріне қарсы шабуылды үдетіп, ойынның қиын әрі көрермен үшін қызықты өтетіндігін аңғартты. Ақтық есеп – 9:7, Түлкібас ауданының айы оңынан туды.

Үшінші орын үшін ойында Жамбыл ауданының командасы мен Тұрар Рысқұлов ауданының құрама командалары ғана кездесуі керек болған-ды. Бірақ Тұрар Рысқұлов ауданынан алаңға 6-ақ шабандоз шығуына байланысты, оларға техникалық жеңіліс есептелді. Көкпардың бекітілген ережесіне сәйкес, егер алаңға шығатын команданың ойыншылары 8 шабандоздан кем болса, автоматты түрде жеңіліс есептеледі.

Осылайша Жамбыл ауданының командасы жүлделі үшінші орынды иеленді.

Жалпы жүлде қоры 20 млн теңге болған бұл турнирде алтыннан алқа таққан Түлкібас командасы жүлделі 8 млн теңгені, күмісті мойнына ілген Абай ауданына 6 млн теңге, ал қола жүлдені иеленген Жамбыл ауданына 4 млн теңге сыйақы табысталды.

Одан бөлек, «Үздік ойыншы» номинациясын Әділет Мамыт иеленсе, «Үздік шабуылшы» номинациясы Нышанбеков Абылайханға бұйырды. Одан бөлек «Үздік төреші» номинациясын Жамбыл облысынан Ақылбек Қымызбаев, ал «Ең үздік сәйгүлік» атағын Намыскүрең жеңіп алды. Қосымша әр номинацияға 335 мың теңге сыйақыдан берілді.

Еске сала кетсек, Республикалық көкпар федерациясы Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді. Қауымдастық құрамында бұдан өзге бәйге, теңге ілу, аударыспақ, жамбы ату, садақ ату, құсбегілік, асық ату, «JORYQ» ат спорты және т.б. федерациялар бар. Ұлттық спорт қауымдастығын белгілі кәсіпкер, меценат, «Altyn Qyran Foundation» Қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов басқарады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама