16-27 мамыр аралығында Ташкентте спорттық гимнастикадан құрлық чемпионаты өтеді
16-27 мамыр аралығында Өзбекстаның астанасы – Ташкентте спорттық гимнастикадан Азия чемпионатының жалауы көтеріледі. Оған Қазақстан атынан Нариман Курбанов, Милад Карими, Дмитрий Патанин, Ілияс Азизов, Диас Тойшыбек пен Фарух Набиев қатысады.
Қазір Қазақстан құрамасы сапынан Нариман Курбанов пен Милад Карими Париж Олимпиадасының жолдамасын алып отыр. Ал қалған гимнасшыларымыз құрлыққа берілген жалғыз лицензияға таласады.
Біріншіден, біз өте жақсы дайындалдық. Спортты дамыту дирекциясы, федерация бар жағдайды жасады. Мақсат – тағы лицензияны жеңіп алу. Бізбен қатар, Қытай, Жапония, Оңтүстік Кореяның жолдама алған спортшылары тек жүлдеге таласады. Ал қалған командалардың көздегені лицензия ғана. Осы жолы да командалық сайыста Олимпиада лицензиясына таласамыз. Сонымен қатар жекелеген снарядтарда көзге түссек дейміз. Атап айтар болсам, Дмитрий Патанин еркін жаттығуда, Ілияс Азизов көпсайыста жоғары нәтиже көрсетіп, жолдама алуға барын салады. Бүгінгі дайындықтағы көрсеткіштері жақсы. Кеткен қателіктерді түзесек, шамамыз келеді, – деді ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Александр Ким Спортты дамыту дирекциясына берген сұхбатында.
Сұхбатта бас жаттықтырушы Ташкенттегі чемпионатқа бара жатқан еліміздің жастар құрамасы туралы мәлімет берді. Оның айтуынша, қазір бірнеше дарынды гимнасшымыз тұрақты нәтиже көрсетіп келеді.
Бізде қазір мықты гимнасшылар қалыптасып келе жатыр. Жастар құрамасының аға бапкері Виктор Парошиннің жұмысын ерекше атап өткім келеді. Нұртаң Ыдырысов, Роман Хигай, Артём Ковалев, Алтынхан Темірбек, Владислав Бабушкин бізбен бірге Азия чемпионатында өнер көрсетеді.
Осы спортшылардың бәрі былтыр жастар арасындағы әлем чемпионатында жақсы өнер көрсеткен. Былтырғы Азия чемпионатында Нұртаң мен Алтынханның жүлдегер қатарынан көрінгені бар. Осы жолы сол атақты қорғай алатынына сенемін», – деді Александр Ким.