«Рейдерлік әрекет болуы ықтимал»: депутат ҚМА-ның балықшыларға қысым көрсетпеуін талап етті
Сол үшін шет елдерден айыппұл санкцияларының келу қаупі төніп тұр
Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров Бас прокурордан балық зауыттарын тексерудің заңдылығын анықтап, қылмыстық істерге тез арада құқықтық баға беруді талап етті.
Депутат алдымен Қаржылық мониторинг агенттігінің Қазақстанның балық шаруашылығына «шабуыл жасап» жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, 2023 жылдың қазан айынан бастап Шығыс Қазақстан, Алматы, Түркістан, Атырау облыстарының барлық жерінде балық өнімдерін өңдейтін 9 зауытқа қарсы негізсіз қылмыстық істер қозғалған.
Зауыттардың барлығы өнімді экспортқа шығарады. Яғни, бухгалтериясы ашық, шыққан өнім кеден арқылы бақыланып отырады. Отандық балық өнеркәсібі саласы 1 300-ге жуық балық шаруашылығы субъектісінен тұрады. Осы салада және еншілес кәсіпорындарда 500 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Балық өнеркәсібі саласы – Қазақстанның дайын өнімді экспорттауға бағытталған бірден-бір экономикалық бағыты. Балықшылар өңделген балық өнімдерін ЕО, Қытай, ТМД, Таяу Шығыс елдеріне, 36 мемлекетке экспорттап отыр, - деді депутат.
Мәселен, өткен жылдары Қазақстаннан шет елге 30 мың тоннаға жуық балық өнімі экспортталған.
Еліміздің осынау ішкі жалпы өнімін экспорттық тауарлармен толтырып отырған экономика саласының кәсіпорындарына Қаржылық мониторинг агенттігі «салық төлеуден жалтырды» деген екіұдай айыппен қылмыстық іс ашып қойған. Мемлекетке салық төлеп, мыңдаған азаматты жұмыспен қамтып отырған 9 зауыттың бүкіл бухгалтерия, іс жүргізу құжаттары тәркіленген, зауыттар жұмысын тоқтатқан. Агенттіктің әрекеттері еліміздің экспорттық әлеуетін арттырып отырған экономика саласының жұмысын толық тоқтатуға алып келуі әбден мүмкін, - деді Ерлан Сайыров.
Яғни, мемлекетке төленіп отырған салық тоқтап, балық өнеркәсібі, еншілес кәсіпорындарда істейтін мыңдаған азаматтың жалақысы төленбей, зауыттардың өздеріне өнімді уақытында жеткізбегені үшін шет елдерден айыппұл санкцияларының келу қаупі төніп тұр.
Балықшыларды қылмыстық қудалау тоқтатылған жоқ, яғни мемлекетке экономикалық зиян күннен-күнге артып отыр. «Шаш ал десе, бас алатын» тексерушілер мен негізсіз тексерулерден балықшыларды арашалап қалуымыз керек. Балықшыларға шабуыл кейбір экономикалық күштердің рейдерлік әрекеттері болуы да ықтимал, - деді Мәжіліс депутаты.
AMANAT партиясы фракциясы депутаттарының пікірінше, Бас прокуратура құқық қорғау органдарының экономика субъектілеріне жөн-жосықсыз қол сұғуын тоқтатуы керек.