Өңірде 13 мыңнан аса көпбалалы ана бар
15 мамыр – Халықаралық отбасы күніне орай, облыс әкімі Нариман Төреғалиев халықаралық, республикалық деңгейдегі пәндік олимпиадалар мен спорттық жарыс жеңімпаздары және олардың ата-аналарымен кездесті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Өңір басшысы білімді, өнерлі, салиқалы ұрпақ тәрбиелеп, қоғамға өз үлесін қосып отырған отбасыларға алғысын білдіріп, жиналғандарды отбасы күнімен құттықтады.
Мемлекет басшысы отбасы институтын нығайту қоғам дамуының негізі екенін атап өткен болатын. Өңірлерде отбасы институнын қолдау бағытында тиісті жұмыстар атқарылуда. Бүгін дарынды, білімді, рухы биік ұрпақ тәрбиелеп отырған отбасылардың бірқатарымен кездесіп отырмыз. Баршаңызды отбасы күнімен құттықтаймын. Өсіріп отырған ұл-қыздарыңыз үміттеріңізді ақтап, Тәуелсіз еліміздің өркендеуіне адал қызмет атқаратынына, Ақжайықтың абыройын асқақтатынына сенімдімін, – деді Нариман Төреғалиев.
Шара барысында отбасы мүшелері де өздерінің жылы лебіздерін білдіріп, ата-аналар облыс әкімдігіне, балаларын жетістікке жетелеген ұстаздарына, қолдау білдірген жандарға алғыстарын жеткізді.
Жалпы, қазір Батыс Қазақстан облысы бойынша 13 586 көпбалалы ана бар. Оның арасында «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Батыр ана» иегерлері – 6 558 адам. Облыста 5 «Отбасы орталықтары» жұмыс істеп тұр. Ал биыл ондай орталықтарды тағы 3 ауданда ашу жоспарланған.