Қазақстанға CLASS Group компаниясының өкілдері келді

Дастан Жұмабекұлы

Кездесуде екіжақты экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайту перспективасы талқыланды

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Германия экономикасы Шығыс комитетінің басқарма мен CLASS Group компаниясы байқаушылар кеңесінің төрағасы Катрина Клаас-Мюльхойзермен кездесті.

Кездесуде тараптар екіжақты экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайту перспективасын талқылады.

Мемлекет басшысының айтуынша, Германия Қазақстанның Еуропа Одағындағы стратегиялық серіктесі саналады. Сауда-экономикалық қарым-қатынастар қарқынды дамып келеді. Сондай-ақ неміс бизнесі Қазақстандағы үлесін кеңейтуге қызығушылық танытып отыр.

Президент былтыр Қазақстанға Германиядан тартылған тікелей инвестиция көлемі 64 пайыз өсіп, 770 миллион долларға жеткенін атап өтті. Бұл – рекордтық көрсеткіш.

Кездесуде ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық мәселесіне де ерекше назар аударылды. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін Орнықты егіншіліктің аймақтық орталығын құру жөнінде ұсыныс айтқанын еске салды.

Президенттің пікірінше, бұл орталық еліміздің ауыл шаруашылығы әлеуетін барынша толық пайдалануға, инновациялық технологияларды енгізуге және оларды коммерцияландыруға ықпал етеді.

Мемлекет басшысы Қазақстанның аграрлық әлеуетін дамытуға CLASS зауытының қосқан үлесін жоғары бағалады.