Мемлекеттік сатып алу рәсімін жеңілдетуді көздейтін заң жобасы қабылданды
Енді жобаға қосалқы мердігерлерді тартуға тыйым салынады
Мәжілістің жалпы отырысында «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң және оған ілеспе заң жобалары екінші оқылымда қабылданды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
2024 жылғы 3 сәуірде Мәжіліс депутаттары аталған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған. Құжат сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруды, мемлекеттік сатып алу рәсімін оңайлатуды және одан әрі автоматтандыруды, сатып алудың бірыңғай платформасын құруды көздейді.
Заң жобасында төмендегі нормалар бар:
- «Мемлекеттік сатып алудың қоғамдық мониторингі» ұғымын енгізу және ол бойынша нормаларды регламенттеу;
- Әлеуметтік, экономикалық және экологиялық аспектілерді ескеріп, тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға негізделген «тұрақты мемлекеттік сатып алу» институтын енгізу;
- Әлеуетті өнім берушілердің рейтингін енгізу;
- Мемлекеттік сатып алуды іске асыру тәсілдерін, мемлекеттік сатып алудың негізгі қағидаттарын және әлеуетті өнім берушіге қойылатын біліктілік талаптарын регламенттеу.
Сондай-ақ құжатқа мынадай бірқатар түзету енгізілді:
- EPC-келісімшарттарын енгізу. Бұл объектіні салуға, оны пайдалануға беруге мүмкіндік береді;
- Мерзімді бұзғаны және жұмысты тиісті сапада жасамағаны үшін өнім берушілердің жауапкершілігін күшейту (өнім берушіден тұрақсыздық айыбын өндіріп алу, өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізу);
- Қосалқы мердігерлікке берілетін жұмыстың шекті көлемін азайтуға (50 пайыздан 30 пайызға дейін), конкурста көрсетілмеген қосалқы мердігерлерді тартуға тыйым салуға;
- Ауылдық әкімдіктердің жеделдігі және дербестігін арттыру үшін бір көзден алу тәсілімен сатып алудың шекті мәнін ұлғайту (3 мың АЕК-тен (11 млн 76 мың теңге, 1 АЕК – 3 692 теңге) 4 мың АЕК-ке дейін (14 млн 768 мың теңге) көтеру).
Мемлекеттік сатып алу қорытындыларына шағым жасау тәртібін нақтылауға бағытталған түзетулер енгізілді. Дауыс беру нәтижесінде заң жобасы екінші оқылымда қабылданды.