Жамбыл облысында әкімдік қызметкері сотталды
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ
Жамбыл облысы Байзақ ауданының прокуратурасы талдау барысында лауазым иесінің азаматтарға жерді заңсыз алуға жағдай жасағанын анықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Аудан әкімдігі жер қатынастары бөлімінің бас маманы ресми құжаттарға жалған мәліметтер енгізіп, жалға берілетін 465 гектар жерді 4 адамға заңсыз алуға мүмкіндік берген. Осы факті бойынша аудан прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 369-бабы 1-бөлігі («Қызметтік жалғандық жасау») бойынша сотқа дейінгі іс жүргізуді тіркеді.
2024 жылы 29 сәуірде аудандық соттың үкімімен жергілікті атқарушы органның бас маманы мемлекеттік қызметте белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 1 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді, – делінген прокуратура хабарламасында.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Қазір енгізілген қадағалау актісі бойынша заңсыз берілген жер телімдері толығымен мемлекетке қайтарылды.