Жәбірленушілердің азаматтық талабы толық көлемде қанағаттандырылды
Солтүстік Қазақстан облысында ер адам денсаулыққа ауыр зиян келтіріп, бөтеннің мүлкін зақымдағаны және жойғаны үшін сотталды, деп хабарлады облыстық сот.
Петропавл қалалық соты К. мен П.-ны басқа адамның мүлкін аса ірі мөлшерде зақымдағаны және жойғаны үшін, П-ны денсаулыққа аса ауыр зақым келтіргені үшін соттады.
Сотталушы П. 2020 жылдың маусымында өзімен бірге тұратын әйелге зілбалғаны қолданып қасақана соққылар жасап, оның денсаулығына зиян келтірген. Одан басқа 2023 жылдың мамырында Золотая Нива ауылында орналасқан сақтау қоймаларына от қою арқылы зақым келтірген және жойған, сонымен жәбірленуші А-ға 495 миллион тенге соммасына шығын келтірген.
Сотталушылардың кінәсі жәбірленушілердің, куәлердің, сарапшылардың және басқа мамандардың қорытындыларымен дәлелденді.
Прокурор П. мен К-ға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қолдануды сұрады.
Жәбірленуші тарап талап арызды қанағаттандыруды және сотталушылардан келген шығынды өндіріп беруді сұрады. Жаза бойынша сұрақты соттың қарауына қалдырды.
Қорғаушы тарап сотталушыларды ақтауды сұрады.
Сот К-ның қылмыстық жауапкершілігін және жазасын жеңілдететін мән-жайлар ретінде оның кішкентай баласының барын таныды. Сот П-ның жауапкершілігін жеңілдететін мән-жайларды анықтаған жоқ.
Сот К мен П - ға қатысты ауырлататын мән-жайлар ретінде қылмыстық құқықбұзушылықты алдын ала сөз байласу мен адамдар тобында жасағанын, П-ның алкоголді мас күйінде жасағаны деп таныды.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 202-бабының 3-бөлігінің санкциясы бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны қарастырады; ҚР ҚК 106-бабының 1-бөлігі - үш жылдан сегіз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Соттың үкімімен К. ҚК 202-бабының 3-бөлігі бойынша 6 (алты) жылға бас бостандығынан айыруға жазаланды, П. ҚК 106-бабы 1-бөлігі бойынша 7 ( жеті) жыл 6 (алты) айға бас бостандығынан айыруға жазаланды. Олардың жазасын өтеу орны болып қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесі анықталды.
Жәбірленушілердің азаматтық талабы толық көлемде қанағаттандырылды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.