Дзюдодан әлем чемпионатына қатысатын Қазақстан құрамасы анықталды
Елдос Сметовке тағы бір мүмкіндік берілді
19-24 мамыр аралығында Біріккен Араб Әмірліктерінің Абу-Даби қаласында дзюдодан ерлер мен әйелдер арасындағы әлем чемпионаты жалауын көтереді. Бұл жарысқа Қазақстан командасы толық құрамда қатысады, деп хабарлады Қазақстан дзюдо федерациясы.
Олимпиада жылы болғандықтан олимпиялық рейтінгтік турнирлер арасы өте жақын болып жатыр. Спортшыларымыз мамыр айында үш маңызды жарысқа қатар дайындалды. Оның алдында Азия чемпионаты мен Grand Slam жарысынан кейін әлем чемпионатына қатысатын құрам жасақталды.
Олардың арасында тәжірибелі спортшылар да, ересектерге енді ауысып жатқан жастар да бар. Ал 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Нұрқанат Серікбаев әлемдік рейтингте басқа командаластарынан жоғары тұрғандықтан осы салмақта бірінші болып құрамаға қосылды, – деді ерлер құрамасының бас жаттықтырушысы Нұрбол Сүлейменов.
Әлем чемпионатының екінші жолдамасы Астанада өткен Qazaqstan Barysy Grand Slam жарысынан кейін федерацияның Атқару комитеті мен жаттықтырушылар құрамының біріккен жиналысында талқыланды.
Астанада өткен Grand Slam жарысынан кейін Елдос Сметов пен Мағжан Шамшадинге бірдей мүмкіндік берілген болатын. Өздеріңіз көргендей, Мағжан Шамшадин жарысты бірінші айналымнан аяқтады. Елдос Сметов жүлдегерлер қатарынан көрініп, қола медальға ие болды. Сондықтан ол әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік алды, – деді федерацияның атқарушы директоры Айбек Имашев.
Еске сала кетсек, Астанада өткен Qazaqstan Barysy Grand Slam додасында Ғалия Тыңбаева (-48 келі) алтын, Елдос Сметов (-60 келі), Бақытжан Абдурахманов (-73 келі) пен Абылайхан Жұбаназар (-81 келі) қола жүлде иеленген болатын.
Біз үш салмақта екі спортшыдан қойғандықтан, 90 келіге дейінгі салмақтағы спортшылар тек аралас командалық жарысқа қатысады. Ескерте кететіні, әлем чемпионатына қатысу үшін дзюдошылар олимпиялық рейтингте ТОП-100 тізімінде болу керек. Өкінішке қарай, біздің жас спортшыларымыз бұл тізімге енді ғана еніп келе жатыр, – деді Нұрбол Сүлейменов.
Дзюдодан ерлер мен әйелдер арасында өтетін әлем чемпионатына қатысатын Қазақстан құрамасы:
Ерлер
60 кг: Нұрқанат Серікбаев, Елдос Сметов
66 кг: Ғұсман Қырғызбаев, Жанарыс Рахметқали
73 кг: Данияр Шамшаев, Бақытжан Әбдірахманов
73 кг: Дархан Қойбағар (аралас командалық жарыс)
81 кг: Абылайхан Жұбаназар
90 кг: Айдар Арапов (аралас командалық жарыс)
100 кг: Нұрлыхан Шархан
+100 кг: Ерасыл Қажыбаев
Әйелдер
48 кг: Абиба Әбужақынова, Ғалия Тыңбаева
57 кг: Бақыт Құсақбаева
63 кг: Эсмигүл Куюлова
70 кг: Екатерина Токарева
-78 кг: Аруна Жангелдина
+78 кг: Камила Берліқаш
Абу-Дабиде өтетін әлем чемпионаты дзюдошылар үшін олимпиялық рейтингке ұпай беретін соңғы жарыс болады. Оған 103 елден 600-ден астам татами шебері қатысады.