Halyq Uni логотип
×

Экология министрлігі орман өртін ерте анықтау үшін 4,1 млрд теңге сұрап отыр

Елімізге 700-ден аса орман өртін сөндіру станциясы керек

 Дәурен Ерболат 14.05.2024 | 16:30
Экология министрлігі орман өртін ерте анықтау үшін 4,1 млрд теңге сұрап отыр
Фото: Halyq Uni

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев 2025 жылға орман өртін ерте анықтау жүйесін енгізуге 4 млрд теңге керек екенін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Орман өрттерін жедел анықтау үшін жаңа технологияларды енгізу қажет. Мысалы, Беларусь Республикасындағы ормандар өртті ерте анықтау жүйесімен толық қамтылған. Нәтижесінде орман өрттерінің орташа көлемі 2020 жылғы 10 гектардан 2023 жылы 0,4 гектарға дейін азайды, - деді Ерлан Нысанбаев Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, елімізде орман өртін ерте анықтау жүйесі «Бурабай» (132,0 мың га), «Көкшетау» (182,0 мың га), «Медеу» (842 га) табиғи парктерінде және «Ертіс орманы» резерватында (277,0 мың га) жұмыс істейді. Биыл орман өртін ерте анықтау жүйелерінен алынған деректер министрлік жанынан құрылатын Ахуалдық орталыққа беріледі.

Министр мұндай жүйені басқа өңірлерге де енгізу маңызды екенін, жүйені іске қосуға қомақты қаржы керектігін атап өтті.

Жүйені енгізу жұмыстарын Ақмола, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарының өрт болу қаупі бар аймақтарында және «Семей орманы» резерватында жалғастыру қажет. Резерватқа 2025 жылғы 4,1 млрд теңгеге тиісті өтінім Қаржы министрлігіне енгізілді, - деді Ерлан Нысанбаев.

Экология министрлігінің мәліметінше, Қазақстанға 729 орман өртін сөндіру станциясы қажет. Бүгінде олардың саны 254 қана. Басым бөлігі 60-70-жылдары пайдалануға берілген.

Бұған дейін ТЖМ биыл өрт қаупі жоғары болатынын ескерткен еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама