Сотталғандардан ортақ тәртіпте келтірілген материалдық залал өндірілді
ҚР Әскери сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы апелляциялық тәртіпте ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау және аса ірі мөлшерде жанар-жағармай жымқыру фактісі бойынша айыпталған Ұлттық ұланның 5 әскери қызметшісіне қатысты қылмыстық істі қайта қарады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Бұрын сот үкімімен Д., У., С., Е. аса ірі мөлшерде бөтеннің мүлкін жымқырғандары үшін кінәлі деп танылып (ҚР ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы), оларға 9 жылдан 10 жылға дейін бас бостандықтарынан айыру түріндегі жаза тағайындалған. Сотталған А. қызметіне салғырт қарау салдарынан ауыр зардаптарға әкелгені үшін кінәлі деп танылып (ҚР ҚК-нің 453-бабының 2-бөлігі), оған 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.
Сотталғандардан ортақ тәртіпте келтірілген материалдық залал өндірілді.
2019-2022 жылдар аралығында әскери қызметші Д., У., С. және Е. өздерінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, пайда табу мақсатында алдын ала сөз байласу арқылы бірнеше мәрте әскери бөлімнің жанар-жағармай материалдарын жымқыру арқылы 448 млн теңгеден астам залал келтірген. Ұрланған отынды жеке тұлғаларға өткізген. Өз кезегінде сотталушы А. қызметіне салғырт қараған, яғни әскери бөлімнің бүкіл ЖЖМ қызметінің жұмысына бақылаудың болмауына байланысты мемлекетке материалдық залал келтірді, – делінген хабарламада.
Көрсетілген мән-жайлар сотталушылардың өз айғақтарымен, жәбірленуші тарап өкілдері мен куәгерлердің жауаптарымен, іс бойынша жүргізген аудиторлық тексерумен, сот сараптамаларымен, телефонмен сөйлесу стенограммаларымен, ақша аудару және қылмыстық істің басқа материалдарымен анықталды.
ҚР Әскери сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 14 мамырдағы қаулысымен Ақмола гарнизоны әскери сотының 2024 жылғы 13 ақпандағы үкімі сотталған С.-ға қатысты жаза мерзімінде қамауда ұстау уақытын есепке жатқызу бөлігінде өзгертілді. Қалған бөлігінде үкім өзгеріссіз қалды, – делінген сот хабарламасында.
Сонымен қатар, апелляциялық сатымен істі апелляциялық қарау барысында сотталғандардың Ұлттық ұланы Бас қолбасшылығы, 5573 және 3656 әскери бөлім қолбасшылығы лауазымды адамдарының, сондай-ақ ІІМ ӘТБ қызметкерлерінің жанар-жағармай материалдарын жымқыруға қатысы бар екендігі туралы хабарлаған фактілері туралы Бас әскери прокурордың назарына тиісті процестік шаралар қабылдау үшін жеке қаулы шығарылды.